Қызылшаны қалай емдейді?

137

Қызылша – вирусты инфекция, яғни инфекциялық жұқпалы ауру. Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның оны жұқтырып алуы әбден мүмкін.
Ауру белгілері қандай?

Аурудың негізгі белгілері:

әлсіздік;
дене қызуының көтерілуі;
қабақтың ісінуі;
бас ауруы;
ұйқысыздық;
жалпы мазасыздық;
тамаққа тәбеті болмау;
шырышты секрециясы бар күшті ринит;
құрғақ жөтел;
конъюктивит;
3-8 күнде денесіне бөртпе шыға бастау.
Ауру қалай жұғады?

Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы көз деуге болады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады.

Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені сәбидің бойында анасынан берілген ауруға қарсы денелер, яғни антитела уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина алмаған адам кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.
Қызылшаны қалай емдейді?

Бұл жұқпалы ауруды арнайы емдеу тәсілі жоқ. Ауру жұқтырған науқас төсекте жатып, сұйықтықты көп ішуі керек. Дәрігер қызу түсіретін, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы, қақырық түсіретін дәрілер мен витаминдер тағайындайды. Ауру асқынып кетсе ауруханаға жатқызылады.

Баланың бөртпелерін ештеңемен майлаудың қажеті жоқ. Денесін бөлме температурасында сумен жуу жеткілікті. Жиі су ішкізіп, оңай қорытылатын, дәрумендерге бай тағам беру керек. Ал конъюнктивиттің алдын алу үшін көзді қайнаған жылы шайға малынған мақта тампонымен жуады. Антибиотиктер ауру асқынғанда ғана тағайындалады.
Қызылшаның емі болмаса, ауырмас үшін не істеу керек?

Кез келген жұқпалы ауруды алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе алу. Қызылшаға қарсы екпе бала бір жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде ата-анасының рұқсатымен салынады. Одан соң алты жасында тағы салынады. Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина тегін.

Вирус таралмас үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасап тұру қажет. Қызылша жұқтырған адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармаған жөн. Ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүрген дұрыс.

 

Артықбаев Сәкен Сарсенұлы

Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.