Жамбыл облысында алғаш рет «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды

Жамбыл облысында Достық үйінде «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Белсенді өмір сүру орталығы» ашылды, - деп хабарлайды "08инфо" ақпарат агенттігі "Нұр Отан" партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

461

Өмір бойы жұмыста жүрген адам зейнетке шыққанда әдеттегі тұрмыс салты бұзылады. Адам өзін керексіз, тастанды сезініп, ендігі кезекті қоғамдық өмірге қатысы жоқ деген жаман ойға түсуі мүмкін. Өзінің әлеуметтік статусының төмендеуі, жылдар бойы жинақталған өмір ырғағының жоғалуы, әдетте, адамның жалпы физикалық және психологиялық жағдайының нашарлауына да әкелуі мүмкін. Себебі үнемі жұмыс жасап, қозғалыста жүріп үйреніп қалған қариялар зейнетке шыққанда немен айналысатындарын білмей, денсаулықтары сыр бере бастайды. Сондықтан осындай күйзелістің алдын алу үшін, қолдан келгенше партия ардагерлер мен зейнеткерлерді үнемі назарынан тыс қалдырмауға тырысады.

Тараз қаласындағы Достық үйінде ашылған орталықта қазыналы қарттар кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісе алады. Орталықта мәдени-рухани клубтар, ағылшын тілін оқыту сабақтары және компьютерлік сыныптары, би үйірмесі бар. Сондай-ақ, кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары бар. Қолөнермен шұғылданам деушілерге шығармашылықты дамыту орталығы аптаның кез-келген күнінде жұмыс істейді. Сол арқылы қалада тұратын зейнет жасындағы азаматтардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген. Тіпті, психолог пен заңгер кеңесінің қызметі де ұсынылған.

Ардагерлер қауымын құттықтаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат орталық жұмысының қазіргі қоғамда «белсенді қарттықтың моделін» қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ардагерлерді қолдауға бағытталған жұмыстарды атап өтті.

— Орталық егде адамдардың белсенді өмір салтын ұстауының тиімді құралы ретінде олардың қарым-қатынас клубтарын ұйымдастыруды ғана емес, сонымен бірге этномәдени бірлестіктердің және басқа да құрылымдардың қатысуымен өткізілетін іс-шараларға қарт адамдардың қатысуын қамтамасыз етуді қолға алмақ. Орталық ұрпақтар сабақтастығын дамытуда, ардагерлердің жинаған өмірлік және кәсіби тәжірибелерін сақтау мен қолдануда үлкен ықпал етеді деп есептеймін, — деді Ш.Тоқтасынұлы.

Осындай орталықтар еліміздің барлық аймақтарында ашылады деп жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.