Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

1 012
«Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақстандықтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген еді Елбасы. Осы мақсатта қабылданған Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік бағдарламада көзделген негізгі бағыт – облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеруін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында «Мағжан оқулары», «Текті сөздің төресі – терме», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Тәлім ал сен де өлеңнен», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқаулары және мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерімен кездесу, «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық жастар форумы, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 99% құрады. Басқарма тарапынан аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың сайттарындағы тіл сауаттылығына да ерекше көңіл бөлінеді. Тоқсан сайын жүргізілетін мониторингтің қорытындылары тиісті шаралар қабылдау үшін мекеме басшыларына жіберіледі. Тұрақты түрде жүргізілетін зерделеулер мемлекеттік органдардың сайттарындағы қателердің азаюына мүмкіндік берді.
Елімізде азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейі «Қазтест» жүйесі арқылы анықталады.
Мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 90,9%-ға орындалды. Мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесін арттыру мақсатында облыстағы орыс тілінде білім беретін мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, «Қазтест» жүйесі арқылы мектеп оқушыларының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өткізіліп, орыс тілінде білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында республикада тұңғыш рет «Қазтест» байқау сынағы ұйымдастырылды.
Басқарма ақпараттық технологиялардың ендірілуіне, интернет-технологиялар мүмкіндіктерінің кеңінен пайдаланылуына ерекше мән береді. Онлайн режимінде қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың 75%-ы онлайн режимі арқылы жүзеге асырылып, жоспарлы меже орындалды.
Мемлекеттік тілді оқитындар санының өсу көрсеткіші де асыра орындалып, 2013 жылмен салыстырғанда өткен жылы мемлекеттік тілді оқығандар үлесі 91%-ды құрады.
Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі басым бағыттардың бірі болып табылады. Бағдарламада белгіленген межелерді орындау мақсатында мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы дайындық курстары ұйымдастырылып, әдістемелік көмек көрсетілді. Нәтижесінде тестілеуден өткен 556 мемлекеттік қызметшінің 51%-ы  (284 қызметші) В1 деңгейін, 9%-ы (50 мемлекеттік қызметші)  С1 деңгейін меңгергендігін көрсетті. В1 деңгейі 21%-ға артық орындалды.
Бағдарламадағы басым бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануын танымал ету және оның пайдаланылу аясын кеңейту болып табылады. Осы бағытта облысымыздағы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2018 жылы 72,46%-ды құрап, жоспардан артық орындалды.
Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануын танымал ету және оның пайдаланылу аясын кеңейту бағытында басқарманың тапсырысымен «JAMBYL» телеарнасы арқылы «Тілі бірдің – тілегі бір», «Тіл сақшысы», «Атаулар сыр шертеді» атты 3 телехабар эфирге шықты.
Бұқаралық ақпарат құралдары халықтың санасына, әсіресе, жастардың тілдік мәдениетінің, сөйлеу мәнерінің қалыптасуына елеулі ықпал етері сөзсіз. Сондықтан әрбір тілші, журналист өзінің тіл мәдениетіне, сөз саптауына айрықша назар аударуы тиіс. Басқарма тарапынан журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқау ұйымдастырылды. Облыстық, қалалық және аудандық басылымдардағы тіл сауаттылығына әр жарты жыл сайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығы» атты облыстық семинар өткізілді.
Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысына келетін болсақ, облыс бойынша тіл саясатын іске асыруға, мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына бағытталған және мемлекеттік тілде ұйымдастырылған әлеуметтік жобаларға жалпы әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаржының 10,4%-ы жұмсалып, бағдарламада көзделген межеден асыра орындалды.
Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілді.
«Жеріңнің аты – бабаңның хаты» демекші, жастарымызға патриоттық тәрбие беруде халқымыздың рухани байлығы, этникалық мәдениеті, салт-дәстүрінің бір бөлшегі болып табылатын ономастикалық атауларды жүйеге келтіру саласында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, 2018 жылы облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының 4 отырысы өткізіліп, әкімшілік-аумақтық бірліктер, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау туралы облыстық және республикалық ономастикалық комиссиялардың оң шешімдерімен жалпы саны — 524 (1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 3 нысан, 1 шағын аудан, 513 көше, 2 бұрылыс) атау беріліп, тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін талқылау кезінде қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесі  – 95,5%-ды құрады.
524 атаудың 58-і тарихи тұлғалардың есімдерімен, 117-і тарихи жер-су атауларымен, 349-ы дәстүрлі атаулармен қайта аталды.
Өңіріміздегі көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығын арттыру – басқарма жұмысының басты бағыттарының бірі. Өткен жылы облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес басқарма аудандар мен Тараз қаласы әкімдері арасында жасаған келісімінде «көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілді пайдалану дәрежесі» нысаналы индикатор ретінде көрсетіліп, әр тоқсанға меже белгіленген болатын. Әр тоқсан сайын аталған мәселе тұрақты түрде қадағаланып, жыл қорытындысы бойынша белгіленген меже барлық аудандар мен Тараз қаласында толығымен орындалды.
Өткен жылы жылы аудандар мен Тараз қаласындағы сыртқы көрнекі ақпараттардың жағдайына тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, басқарманың әлеуметтік тапсырысы негізінде облыстық «JAMBUL» телеарнасы арқылы «Тіл сақшысы» телебағдарламасы жұртшылыққа көрсетілді. Телебағдарламаға барлығы 811 нысан қамтылды, нәтижесінде алғашқы 11 түсірілімде 527 нысан қамтылып, оның 238 –нен (45,2%) түрлі кемшіліктер анықталса, қайта түсірілім барысында қамтылған 284 нысанның 65-нен (22,9%) кемшіліктер анықталды, аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне анықталған кемшіліктерді жою туралы хаттар жолданды.
Жарнама тілін реттеу мақсатында аудандар мен Тараз қаласында «Сауатты жарнама», «Қала келбеті-көрнекі ақпарат» акциялары өткізіліп, нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласында құрылған жұмысшы топпен жалпы саны – 3255 нысан зерделеніп, зерделеу барысында 1967 жарнама құралы алынып тасталса, 918-не ескерту хаттары беріліп, 5 нысан иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, аудан әкімдіктерінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері тарапынан жүргізілген акциялар мен зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2094 нысан зерделеніп, олардың 300-нің Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысы талаптарына сәйкес еместігі анықталып, нәтижелері аудандық аппараттық кеңестерде қаралды, кемшіліктер орын алған ауылдық округ әкімдеріне ескертілді.
2018 жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы сыртқы көрнекі (жарнама) ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына 6 бағыт бойынша зерделеу жүргізілді. Зерделеуге Тараз қаласындағы 3 даңғыл, 864 көше, 445  бұрылыс, 44 тұйықта орналасқан 8587 нысан қамтылып, нәтижесінде 1114-нен (13%) кемшіліктер анықталып, қорытынды анықтамасы Тараз қаласы әкіміне тиісті шаралар қабылдау үшін жолданса, қыркүйек айында басқарма тарапынан Тараз қаласындағы 3 даңғыл, 7 көшеде орналасқан 627 нысанның сыртқы көрнекі ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына зерделеу жүргізіліп, орын алған 147 кемшіліктер бойынша Тараз қаласы әкіміне хат жолданды.
2018 жылдың қараша айында Тараз қаласындағы сауда және тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындары мен қоғамдық жолаушылар тасымалдау автокөліктерінде көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің Қазақстан Республикасы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуына зерделеу жүргізіліп, зерделеуге 124 кәсіпкерлік нысан (46 қонақ үй, 51 мейрамхана, 27 сауда үйі), 30 қоғамдық жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер қамтылып, барлық кәсіпкерлік нысан иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, қолданыстағы заңнама талаптары жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Жалпы, жыл қорытындысы бойынша облыстағы 16587 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілді, оның 14333-і талапқа сай болса, 2254-нен кемшіліктер анықталды, барлық нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, жарнама агенттіктері арасында «Жарнама – жаңалықтың жаршысы», аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері арасында «Жарнама- көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы», «Үздік көрнекі ақпарат -2018» облыстық байқаулары ұйымдастырылды. Өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда, елді мекендерде орналасқан көрнекі ақпараттардағы тіл  сауаттылығын арттыру мақсатында «Үздік көрнекі ақпарат -2018» облыстық байқауы өткізіліп, байқау қорытындысы бойынша «Үлгілі ауылдық округ», «Үлгілі аудан» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде «ономастика» хэштегі арқылы жарнама сауаттылығы бойынша оң пікір қалыптастыру мақсатында барлық аудандар мен Тараз қаласында ономастика саласы бойынша хэштегтер ашылып, атқарылып жатқан жұмыстар жарияланып отырды. Басқарма тарапынан облыс тұрғындарының сыртқы көрнекі ақпараттарға (жарнамалар)  қатысты пікірлерін жинақтау, сараптау мақсатында жүргізілген «Көрнекі ақпарат пен жарнама мәтінінің сауаттылығы – көпшілік назарында» атты әлеуметтік сауалнамаларға 370 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысып, өз пікірлерін білдірді. Сауалнама қорытындысына қарай отырып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі облыс тұрғындарының басты назарында екендігін көруге болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің 20.07.2016 жылғы № 6-1 тапсырмасына сәйкес облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, кенттердегі, ауылдардағы және басқа да елді мекендердегі көше көрсеткіштерін бір үлгіде жазуды және орналастыруды қамтамасыз ету тапсырылған.
Осы мақсатта облыстық тілдерді дамыту басқармасы 2018 жылға барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен меже белгілеп, жылдың соңына дейін барлық көшелердің кемі 50 %-ын жаңа үлгідегі аншлагтармен қамту жоспарланған болатын.
Аудандық, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мәліметтері бойынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, 3 мыңға жуық көше жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылып, аталған көрсеткіш 51,4%-ды құрады. Үстіміздегі жылы облыстағы барлық көшелерді жаңа үлгідегі аншлагтармен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, басқарма ономастика саласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, басшылыққа алынатын нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізуді үйрету мақсатында Байзақ, Жамбыл, Меркі, Шу, Сарысу аудандарында және Тараз қаласында «Ономастика: ұлттық танымға бетбұрыс» тақырыбында көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылып, оның жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Г.М.Құбашева, облыстық қоғамдық кеңестің және облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшелері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мемлекеттік бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі – лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Облыстағы тілдік ахуалға жүргізілген әлеметтік зерттеу қорытындысы бойынша орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі – 92,3%, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі – 25,1%, үш тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 24,1% құрап, мемлекеттік бағдарламада көзделген межелердің барлығы орындалды.
Облыста көптілділікті насихаттау, бірнеше тілді (кемінде үш тіл) меңгерген бәсекеге қабілетті жастарды қолдау мақсатында жоспарлы, мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Екі әлеуметтік жоба аясында 40-тан астам іс-шара өткізіп, оған екі мыңнан астам жастар қатысты.
«Көп тіл білу – заман талабы» әлеуметтік жобасы аясында облыстың барлық аудандарында және Тараз қаласында бірнеше тілді (4-5 тілден кем емес) жетік меңгерген, IELTS немесе TOEFL сертификаттары бар республикаға танымал тұлғалар мен «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің, PR-мамандардың қатысуымен мотивациялық мақсаттарда семинарлар, шеберлік сыныптар ұйымдастырылды.
Облыс аудандары мен Тараз қаласында «Education. Competition. Future» («Білім. Бәсекелестік. Болашақ» тақырыбында шеберлік сыныптар және «Көптілділік – заман талабы» атты семинарлар өткізіліп, жоғарыда аталған параметрлерге сәйкес келетін лекторлар мен спикерлер шақырылды. Кездесулер еркін форматта өтіп, спикерлер семинарларға қатысушылармен жастардың тілінде сұхбаттасты және үш және одан да көп тілді білудің маңыздылығын айқын дәлелдеді. Жас полиглоттар шаралардан үлкен әсер алып, алдағы уақытта тілдерді үйренуде ынталарын арттыратындарын атап өтті. Шаралардың арқасында облысымыздың жастарында табысты тұлғалардан тәжірибе алудың зор мүмкіндігі пайда болып, мотивация үшін барлық жағдайлар жасалды. Айта кетерлік жайт, көптеген қатысушылар спикерлермен әлеуметтік желілерде байланыстарын жалғастырып, олардан кеңестер мен қолдаулар алуда.
Сондай-ақ, облыста шет тілдерін еркін меңгерген жастардың санын анықтау, көптілділікті насихаттау, бірнеше тілді меңгерген жастарды қолдау мақсатында екінші әлеуметтік жоба аясында облыс орталығында «Полиглоттар» клубы құрылды. Клубтың президенті – Әбілхайыр Қнуарбеков. Ол М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дебат клубын да басқарады, жақында «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған Республикалық дебат турнирінің орыс лигасының чемпионы атанды. Қазіргі таңда клуб мүшелерінің саны 14-29 жас аралығындағы 300-ден астам адамды құрайды. Клуб мүшелері Тараз қаласында және аудандарда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пікірталастар, Линкольн-Дуглас (LD) форматында ағылшын тілінде пікірталастар өткізді. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерінің арасында «NEW TIME. Countries of the world» («Жаңа уақыт. Әлем елдері») шығармашылық кеші, «Берікқара» шатқалында «Autumn camp» («Күзгі лагерь») тимбилдингі, Астана-синема кинотеатрында зияткерлік ойындар ұйымдастырылды.
Барлық аудандарда «Тілдік алаңдар» жұмыс істейді. Өңірде үш тілді жетік меңгерген дарынды жастар арасында «Тілдарын» олимпиадасы, «Тіл шебері-2018», «Тіл-парасат» облыстық байқаулары, «Көп тіл білу – заман талабы» атты полиглоттар форумы өтті. Бұдан басқа, ағылшын тілін емін-еркін жағдайда, яғни саябақтарда оқыту мақсатында, әлемге танымал халықаралық тіл мектептері мен тіл орталықтарының (EF English First, EF Education First) әдістемелеріне сүйене отырып, «Тілдер саябағы» жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде қала тұрғындарына ағылшын тілінде сөйлеуге және өз ойларын еркін білдіре алуға жағдайлар жасалды.
Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау мақсатында аудандар мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі мекемелерде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты акция ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам бүлдіршін тартылды.
Сонымен қатар «Мен қазақша сөйлеймін» жалпы республикалық акциясы аясында танымал өзге этнос өкілдері арасында «Құмсағат» тақырыбында сұрақ-жауап, «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын» жаңылтпаш айтудан жарыс, «Блиц-сауалнама», «Бір сұрақ» атты өзге ұлт өкілдерімен сұхбат, «Қазақ тілін үйрену оңай» атты тренинг, тіл үйренушілермен «Kahoot» онлайн ойыны, «Кім көп біледі?» мақал-мәтел жарысы, Instagram желісін қолданушылар арасында «Ән қанатында» қазақ әндерінен попурри орындаудан караоке байқауы өткізілді.
Еліміздегі этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне ерекше қолдау көрсетілуде.
Тілдерді оқыту орталығы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және 22 этномәдени бірлестіктер арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалып, Меморандум аясында қазақ тілін үйренуге ниет білдірген 1071 этнос өкілдері қазақ тілін тегін үйренді.
Облыстағы 25 этномәдени бірлестіктердің 20-сы қазақ және ана тілдерін оқыту курстарымен қамтылған. Этномәдени бірлестіктердің бар этностардың 88%-ы қазақ және ана тілдерін үйрету бойынша әдістемелік көмекпен қамтылған.
Тілдерді оқыту орталығы тарапынан 22 этномәдени бірлестікке әдістемелік көмек көрсетілді.
Қазіргі тіл саясатының өзекті мәселелерінің бірі – латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу болып табылады. Облыс көлемінде аталған бағытта жүйелі жұмыстар атқарылды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың  2018 жылғы 13 наурыздағы №27 Өкімімен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына  2025  жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, көптеген шаралар өткізілді.
Латын графикасына негізделген қазақ жазуын түсіндіру, азаматтардың  жаңа әліпбиді үйренулеріне мүмкіндіктер жасау мақсатында басқарма тарапынан 4 әлеуметтік жоба аясында 120-дан аса іс-шаралар өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қамтылды.
Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып, латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу жөнінде облыс тұрғындарына әдістемелік көмек көрсетілді.
Республикада алғашқылардың бірі болып басқарманың тапсырысымен  Елбасының №637 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай  интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқып, жазуға үйрету мақсатында Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді. Интернеттің кез келген браузерлері мен смарт телефондар арқылы кіруге болатын Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы – қазақ тілді аудиторияға, яғни латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйренуге ниет білдірген кез келген азаматтар үшін қолжетімді, тегін, уақыты шектеусіз, 18 сабақтан (теориялық, практикалық, бағалау бөлімдері) тұрады.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа емле ережелері жобасын талқылауға облыстағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, колледждер мен мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері белсене қатысты.
Мемлекетік тіл саясатын кеңінен насихаттау және латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін түсіндіруге бағытталған «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты әлеуметтік жобасы аясында лингвист-ғалымдар, тіл мамандары мен БАҚ өкілдерінен құрылған ақпараттық топ аудандар мен Тараз қаласында 22 кездесу өткізіп, мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттары, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі түсіндірілді.
Сонымен қатар, аудандар мен Тараз қаласында «Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби» атты латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған 55 семинар-тренинг өткізілді.
Семинар-тренингтерді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының Орфография бөлімінің басшысы Қ.Күдеринова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, Ұлттық комиссияның мүшесі Н.Әміржанова, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің проректоры, ф.ғ.д., профессор, Ұлттық комиссия мүшесі Қ.Молғаждаров, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, Латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Б.Мырзабаевалар жүргізді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Тіл саясаты басқармасының басшысы А.Қожабектің, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға  еңбегі сіңген қайраткер Д.Көшімнің және саясаттанушы Р.Жұмалының қатысуымен Талас, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы бойынша аудандар мен Тараз қаласында кездесулер ұйымдастырылды.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін кеңінен танымал ету және емле ережелерін түсіндіру мақсатында «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография және әдістеме мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Жыл ішінде облыстағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері арасында латын қарпінде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Латын әліпбиі тілімізге серпін береді» атты жаппай диктант жазу акциялары ұйымдастырылып отырды.
Жалпыхалықтық диктантты жазуды ұйымдастыру жөнінде облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы жанынан құрылған жұмысшы тобы  аудандар мен Тараз қаласында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» түсіндіріп, семинар-тренингтер жүргізді. Нәтижесінде, барлық өңірде бір мезетте ұйымдастырылған  Жалпыхалықтық диктант жазуға облыс бойынша 128 мыңға жуық адам қатысып, жоғары дайындықтарын көрсетті. Облысымыздың тұрғындары Елбасының латын қарпіне көшу туралы бастамасын қолдайды деп сенімді айтуға негіз бар.
Сонымен қатар, облыстың сот, құқық қорғау органдары мен әскери мекемелерінде «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы», «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі», «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар жол» атты іс-шаралар ұйымдастырылды.
2018 жылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында облыстың тіл жанашырлары атынан республикалық, облыстық, қалалық, аудандық басылымдарда 474 мақала жарияланды, оның 171-і латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған. Облыстық мерзімді баспасөз басылымдарының әрбір санында және «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінің ресми парақшаларында латын қарпіне негізделген жаңа әліпбимен тақырыптық материалдар жарияланып отырды.
Жаңа қазақ әліпбиін өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы бейнеролик әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында пайдалану үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Облыстық «JAMBYL» телеарнасынан жаңа әліпбиді насихаттау бағытында арнайы бейнеролик көрсетіліп, тіл жанашырларымен тікелей эфирлер, сұхбаттар алынып, осы бағытта атқарылған шаралар үнемі көрсетіліп отырды. Сондай-ақ, облыста латын әліпбиін үйрету мақсатында әзірленген «Qazalipbi.kz» онлайн бағдарламасы туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп отырды.
Облыстық «77TV» телеарнасының эфирінде бекітілген кестеге сәйкес «Латын әрпі – ел ертеңі» атты тақырыпта әзірленген бейнеролик 2018 жылдың қаңтар-қазан аралығында күніне 4 рет жиілігімен көрсетіліп отырды.
Қорыта келе, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді және алдағы уақытта жалғасын таба бермек.
С.Құрманбекова,
Жамбыл облысы әкімдігінің
тілдерді дамыту басқармасының
басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.