ЖАБАЙЫ САУДА НҮКТЕЛЕРІН ЖАБУҒА ӘБДІРАЙЫМОВТЫҢ ҒАНА ӘЛІ КЕЛДІ

608

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, күн санап түрлене түсіп жатқаны жасырын емес. Десе де, шаһардың шырайын кетіріп тұрған жайттар да баршылық. Соның бірі – жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жабайы сауда нүктелері мен дүңгіршектер. Олардың орналасуы заңсыз болғандықтан, Тараз қаласының әкімдігі шектен шыққандарды шідерлеуге шындап кірісті.

Жалпы, 2015 жылы қала әкімінің көше бойларындағы сауда нүктелері мен дүңгіршектерді алып тастау жөнін­дегі қаулысы шыққан болатын. Осы қаулы негізінде өткен жылдан бастан мемлекеттік актісінің уақыттары өткен сауда орындарының иелеріне ескерту берілген. Алайда ескертуді елемей, тәртіпке бағынғысы келмегендер көп болыпты. Енді міне, Тараз қаласына жаңа әкім Ғалымжан Әбдірайымов басшы­лық­қа келгелі, аталмыш сауда нүктелерінің есігіне «қара құлып» салынып, кейбірі түп-тамырымен жойылып жатыр.

Өткен аптада Абай, Қолбасшы Қойгелді және Төле би сынды үлкен көшелердің бойындағы сауда нүктелері алынып тасталды. Атап айтқанда, Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысындағы дүңгіршек иелерінің қарсылығына қарамастан жүк көлігіне тиеліп, арнайы орынға жөнелтілді. Бұл дүңгіршектің мемлекеттік актісінің уақыты өтіп кеткен. Сондай-ақ, қожайынына бірнеше мәрте ескерту де жасалған. Алайда, айтылған сөзге атүсті қараған аталмыш сауда орнын қала әкімдігінің мамандары күштеп жауып отыр.

Бұдан өзге аталған даңғылдың бойында орналасқан «Smart» сауда үйінің жанында орналасқан дүңгіршек пен сауда павильоны да жұмысын тоқтатты. Бұл маңда қала әкімдігінің әрекетіне тұрғындар алғыстарын білдіріп, бастаманы қолдайтындықтарын жеткізді.

– Дүңгіршектерде ешқандай коммуникациялық жүйелер жоқ. Ал, ол орындарда тез бұзылатын ет және сүт өнімдері саудаға шығарылады. Сондықтан ешбір талапқа сай келмейді. Мұны тұрғындардың көбі ескере бермейтіндіктен, қауіпті екендігін де түсінбейді. Осындай мәселелерді ескеріп жатқан қала әкімдігінің жұмысына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді шаһар тұрғыны Александра Юрьева.
Тараз қаласының әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде облыс орталығында құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен дәл осындай 97 дүңгіршек пен сауда павильоны бар екен. Олардың көбісі ықшамаудандарда орналасқан. Алдағы уақытта мұндай орындардың барлығы алынып тасталады. Қазіргі таңда бұл жұмысқа сала мамандары білек түре кіріскен.

– Нақты уақытта дүңгіршектер мен сауда павильондарының заңдылығын тексеру мақсатында қала әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылған. Сол комиссияның шешімімен құжаттарының уақыты өтіп кеткен дүңгіршектерді алып тастап жатырмыз. Өткен жылы осындай шаралардың нәтижесінде Т.Рысқұлов, Абай, Төле би, Желтоқсан, Қолбасшы Қойгелді көшелеріндегі сауда нүктелерінің көзі жойылған болатын. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбеков.

Иә, бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастама. Олай дейтініміз, аталмыш сауда нүктелері қала көркін қашырып қана қоймай, жабайы жарнама мен ажарсыз афишалардың да ілінуіне жол ашып тұр. Ал, санитарлық талап деген дүние мұнда төмен екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан қала әкімінің шаһар шырайын келтіру жолында жасап жатқан жұмысына «Әп, бәрекелді!» дегіміз келеді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.