Тік жүру адамның шешім қабылдауына әсер етеді

42

сурет: istockphoto.com
Тік жүру адамның көңіл күйіне ғана емес, шешім қабылдауына да ықпал етуі мүмкін. Осындай қорытындыға Канаданың Макгилл университетінің ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу нәтижесінде келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге университеттің 200-ге жуық студенті мен қызметкері қатысты. Ең қызығы, зерттеушілер қатысушыларға денесін тік ұстауды немесе еңкеюді арнайы тапсырмаған. Оның орнына жұмыс орнын әртүрлі етіп ұйымдастырған: бір топқа планшет биіктеу тіреуішке қойылып, олар еріксіз тік отырса, екінші топқа құрылғы аласа үстелге орналастырылып, қатысушылардың еңкеюіне тура келген.

Одан кейін қатысушылар тәуекелге бейімділікті бағалайтын тапсырма орындады. Олар виртуалды шарды үрлеуі керек болды: шар үлкейген сайын сыйақы көлемі артқанымен, жарылып кетсе, жиналған ұпай түгел жойылатын.

Нәтижесінде тік отырған адамдар тәуекелді саналы түрде көбірек қабылдап, жоғары нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар сауалнама барысында олар өздерін сенімдірек сезінетінін, мақтаныш сезімі мен жағымды эмоцияларының жоғары екенін айтқан.

Зерттеушілер дене қалпын дәл бағалау үшін мойынның еңкею бұрышын өлшейтін арнайы компьютерлік бағдарламаны пайдаланған. Бұл әдіс қатысушылардың тәжірибенің нақты мақсатын аңғармауына мүмкіндік беріп, нәтижелердің объективтілігін арттырған. Қатысушылардың басым бөлігі өздерінің дене қалпы әдейі өзгертілгенін мүлде байқамаған.

Зерттеу жетекшісі, профессор Хорхе Армони бұл нәтижелерді асыра бағаламауға шақырады. Оның айтуынша, дұрыс қалыпта отыру адамның өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді деуге болмайды. Алайда жұмыс орнының эргономикасы сияқты күнделікті қоршаған орта факторлары адамның көңіл күйі мен мінез-құлқына біз байқамайтындай дәрежеде әсер етуі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, бұл бағыттағы зерттеулер болашақта жұмыс орындарын ұйымдастырудың психологиялық саулыққа әсерін тереңірек түсінуге жол ашады.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/285946-tik-zuru-adamnyn-sesim-qabyldauyna-aser-etedi

Leave A Reply

Your email address will not be published.