Қытайда ұзақ уақыт телефоннан бас алмаған студент ауруханаға түсті

51

сурет: istockphoto.com
Қытайлық студент жазғы демалыс кезінде ұзақ уақыт бойы телефоннан бас көтермей, қозғалыссыз жатқандықтан ауруханаға түсті. Дәрігерлер оған аяқтың терең көктамыр тромбозы диагнозын қойған. Бұл туралы Sin Chew Daily басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігерлердің мәліметінше, студент күн сайын бес сағаттан астам уақытын смартфонда бейнеойын ойнауға және түрлі видеолар көруге жұмсаған. Ол уақыттың басым бөлігінде төсекте жатып немесе диванда отырып өткізген, ал дене қозғалысы өте аз болған. Бірнеше күннен кейін оның оң жақ балтыры ісініп, ауырып, көлемі ұлғая бастаған. Алғашында жақындары мұны ұзақ отырғаннан болған бұлшықет ауыруы деп ойлаған. Алайда жағдайы нашарлаған соң ғана медициналық көмекке жүгінген.

Тексеру барысында дәрігерлер студенттің төменгі аяқ-қолындағы терең көктамырда қан ұйып қалғанын анықтап, оны шұғыл түрде ауруханаға жатқызған.

Мамандардың айтуынша, науқаста қанның ұюына тұқым қуалайтын бейімділік болуы мүмкін. Дегенмен аурудың негізгі себебі – ұзақ уақыт бойы қимылсыз қалыпта болу. Мұндай жағдайда қан айналымы баяулап, тромбтың пайда болу қаупі бірнеше есе артады. Дәрігерлер ұзақ уақыт компьютер немесе смартфон алдында отыратын адамдарға әрбір 30-60 минут сайын орнынан тұрып, бірнеше минут қозғалып жүруге, аяқ-қолды созып, жеңіл жаттығулар жасауға кеңес береді. Бұл қан айналымын жақсартып, тромбоздың алдын алуға көмектеседі.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/285948-qytaida-uzaq-uaqyt-telefonnan-bas-almagan-student-auruxanaga-tusti

Leave A Reply

Your email address will not be published.