Ұстаздар өнерлерін ортаға салды

588

Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының Біріккен комитеті филиалының мүшелік ұйымдары арасында өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары!» педагогикалық ұжымдардың көркемөнерпаздары шығармашылығының VІІ облыстық фестивалі өз мәресіне жетті. Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың концерт залында өткен фестивальдің гала-концертінде 300-ден аса ұстаз өнер көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Ускембаева, Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен қазылар алқасы және ұстаздар қауымы қатысып, өз әріптестерінің өнерін тамашалады. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ұстаздары орындаған «Джайф ретро» биімен ашылған фестиваль барысында «Мейірім» мектеп-интернатының ұстаздары «Ночь в музее», ақыл-ойында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының ұстаздары билеген «Корей» биі, №12 Тараз колледжінің оқытушылары билеген «Айша бибі» билері орындаушылардың костюмдерімен, сахнадағы біркелкілігімен айшықталып тұрды. Ал ҚР Мәдениет қайраткері орындаған авторлық «Рахмет саған туған ел» әні тыңдармандардың үлкен қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұстаздарынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Көңіл ашар» күйі мен осы ұжым оқытушыларынан құралған хордың орындауындағы Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні өте әсерлі шықты.
Бір жарым сағатқа созылған ұстаздар фестивалінің нәтижесінде қазылар алқасы ақылдаса келе желтоқсан айында өтетін облыстық гала-концертке «Мейірім» мектеп-интернатының ұстаздары орындаған «Все зависит от нас» атты қимыл биін таңдады. Ал өзге барлық фестиваль қатысушылары бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Перизат БАҚЫТ

Leave A Reply

Your email address will not be published.