Тоқсан жылдыққа тарту мол

283

Осыдан санаулы күндер бұрын тарих қойнауына енген 2019 жыл өңіріміз үшін табысты жылдардың қатарынан орын алды деп айтуға негіз бар. Өйткені, өткен доңыз жылында аудан өмірінің әр саласында маңызды әрі ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар жылдық жоспар, жүйелі мақсаттар өз деңгейінде орындалды. Ал, кейбір салалар бойынша ізгілікті істер жаңа, 2020 жылда лайықты жалғасын табады деп үміттенеміз. Оған биылғы жылы аталып өтетін мерейлі белестер де өзіндік ықпалын тигізетіні жасырын емес. Атап айтқанда, 2020 жылы ел көлемінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тойланатын болса, өз өңірімізде Шу ауданына 90 жыл, Шу қаласына 60 жыл толуы секілді маңызды даталар күтіп тұр. Ал, оны абыройлы атап өту бірінші кезекте жергілікті атқамінер азаматтардың жауапкершілігі мен іскерлігінде екені айтпаса да түсінікті.  «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демей ме халық даналығында. Бірлескен істе береке болатынын түйсінетін өңіріміздегі өзге де жерлестеріміз бұл іске өз үлестерін қосып жатса, нұр үстіне нұр.

Енді, ауданымыздың торқалы тоқсан жылдығы мен қаланың 60 жылдық асуына қандай тартулар жасалмақ? Осыған біраз тоқталып өтейік. Күнделікті қалаішілік, ауданішілік қатынаста байқап жүргеніміздей, бұл күндері өңірімізде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. 2019 жылдан бастау алып, қыстың суығына қарамастан, қазірдің өзінде Шу қаласы мен Төле би ауылының кейбір тұстарында жергілікті қарапайым жұмысшылардың күшімен бой көтеріп жатқан нысандарды жиі байқауға болады. Бұл тоқсан жылдыққа деген тартулардың бастамасы екені анық. Мысалы, өткен жылы Мойынқұм ауылындағы су жүйелері мен су шығару имаратының, Шу қаласындағы «Оңтүстік батыс» тұрғын аумағында электрмен қамтамасыз ету нысанының, Далақайнар ауылы, Т.Әшімбаев атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал, мәжіліс зал, асхана нысандарының құрылысы аяқталып, аталған үш нысан тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Ал, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2020 жылы тағы бес нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олардың қатарында Төле би ауылынан спорт-сауықтыру кешенін ашу, Шу қаласындағы «Қайрат» стадионына күрделі жөндеу  жұмыстарын жүргізу, Төле би ауылы аумағындағы Шу-Бурылбайтал автокөлік жолы бойынан көпфункционалды ойын-сауық нысанын ашу, сондай-ақ, Бірлікүстем, Алға ауылдық округтерінде жаңа мектептердің құрылысын  бастап, аталған нысандардың барлығын осы жылы аяқтау көзделіп отыр.  Мұның барлығы торқалы тоқсан жылдыққа тамаша тартулар болмақ.

Табалдырығымызды енді аттаған жаңа жылдың осындай игі істермен жалғасып жатқандығы көңіл қуантады әрине. Алдағы уақытта да ағайынның ауызбіршілігі, билік өкілдері мен жергілікті тұрғындардың өзара түсіністігі арқылы талай түйінді мәселелерді азаматтығымызға сын келтірмей тарқата отырып, жоғарыда аталған мерейлі белестерді лайықты атап өтеміз деп сенеміз.

Ендеше, жаңа жылдағы жаңа мақсаттарға сәттілік серік болсын деп тілейік.

Динара Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.