Таудай талап болса, жастарға кәсіпкер атанудың түрлі тетігі бар

754

Әлемдік тәжірибеде экономиканың серпінді дамуына шағын және орта бизнестің сүбелі үлес қосатыны әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан да, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызу ілгерілеудің кепілі болып табылады. Біздің елімізде де кәсіпкерлікті қолдауға барынша басымдық берілуде. Елбасы бұл мәселеге өзінің жыл сайынғы Жолдауларында айрықша маңыз беріп, құзырлы орындарға кәсіпкерліктің тынысын тарылтатын кедергілерді жоюды ұдайы тапсырып келеді. Сол үшін де жаңа заңдар қабылданып, түрлі бағдарламалар жасалуда. Дейтұрғанмен, саланың бойына қан жүгірту мақсатында мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, жастар кәсіпкерлігі әлі де болсын қанатын кеңге жая алмай жатқаны жасырын емес.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқар­ма­сының мамандары берген мәлі­метке сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша 4 мыңға жуық жас кәсіпкер ретінде тіркелсе, оның 3 500-ге жуығы белсенді жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлікке тарту, олардың бастамаларын қолдау бағытында да басқарма тарапынан ауқымды шаралар атқарылуда екен.

– Баршаңызға мәлім, елімізде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, игілігін көріп жатқан жандар аз емес. Бүгінгі таңда облысымызда да жұмыстың жоқтығын алға тартып қол қусырып отырмай, кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың үлес салмағы артып келе жатқаны қуантады. Бұл орайда, басқарма мамандары да қолда бар мүмкіндіктің барлығын қарастырып, құзырлы мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Ең бастысы, жастарды кәсіпкерлікке көптеп тарту мақсатында ақпараттандыруға көңіл бөліп жатырмыз. Себебі, ауыл жастары мемлекеттік қолдау тетіктерінен бейхабар. Мәселен, өткен жылы 80, биыл 20 ауылды аралап, 20 мыңға жуық жасты қамтыдық. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бойынша белгілі бір жетістікке жеткен аға буын өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, тәжірибе алмасуына жағдай жасалуда. Мұның өзі ісін енді бастасам деген жастарымызға үлкен мектеп десек те болады.

Тағы бір айрықша атап өтер жайт, қазіргі таңда Тараз қаласында шағын индустриалды аймақ құру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында индустриалды аймақтан өте төмен бағамен арнайы орындар беруді қарастырып жатырмыз.

Одан бөлек, ағымдағы жылы облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Тараз қаласы мен аудандардағы 700 жасты оқыту жоспарлануда. Өткен жылы 18-29 жас аралығындағы 263 жас білім алса, 30 пайызы несиеге қол жеткізіп, жұмысын бастады, – дейді жастар саясаты мәселе­лері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.

Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіп­кер­лік­ті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетованың айтуынша, жоспар бойынша былтырғы жылы барлығы 1 125 адамды оқыту жоспарланса, биыл екі есеге көбейіп 2 347 облыс тұрғынын оқу курсынан өткізу көзделуде екен. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың өзінде 296 жас «Бастау Бизнес» бойынша білім алған.

– Жастардың кәсіпкерлігіне байланысты өзекті мәселенің бірі – олардың нақты санын білу мүмкін емес. Себебі, кәсіпкерлерді тіркегенде жас ерекшеліктеріне мән берілмейді. Кез келген кәсіпкерлермен жұмыс істейтін, тіркейтін мекемеге барып, жас кәсіпкерлер туралы қандай да бір мәлімет сұрасаңыз, жалпылама ақпарат береді. Облыс бойынша немесе аудан бойынша 100 кәсіпкер тіркелген немесе мемлекеттік бағдарламалар бойынша 10 кәсіпкердің несие алғаны туралы ғана айтып бере алады. Сараптама жасалмайды. Бұл жастар кәсіпкерлігіне қатысты жұмыстарымызды жүйелеуге үлкен кедергісін тигізіп жатқан жайы бар. Біз өз тарапымыздан мүмкіндігіміздің жеткенінше жұмыс жүргізіп, жас кәсіпкерлердің нақты санын шығаруға тырыстық.

Зерделеу барысында байқағанымыз, жас­тар­дың ұмтылысы ерекше. Салаға қатысты көкей­ле­рінде жүрген түрлі сауалдарын қойып, қызы­ғу­шылық танытып жатады. Әрі мемлекеттік жеңіл­дік­­тер де жастарға үлкен сенім сыйлап, құл­шы­ныс­тарын арттыра түсуде,–дейді Мәди Мәтен.

Осы орайда, Мәди Мейірбекұлы өткен жылдан бастап еліміздің бірқатар аймақтарында пилоттық жоба ретінде жұмысын бастаған ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бір­лес­кен «ZHAS PROJEKT» жастар корпусын дамыту жобасы облыс жастары арасында үлкен қызығушылық тудырып тұрғанын айтып өтті. Жалпы, жастарға үлкен мүмкіндік беріп отырған жоба биылғы жылдан бастап өңірімізде қолға алына бастаған. Ал, жобаға оқымайтын, жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ, табысы төмен 14 пен 29 аралығындағы кез келген жас қатыса алады.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Айбек Таутеннің айтуынша, жобаның ең басты ерекшелігі жеңімпаз жасқа 1 миллион теңге қайтарымсыз грант беріледі екен. Алдымен керекті құрал-жабдықтарына, өзге де керек-жарақтарына 500 мың теңге беріліп, жеңімпаз жас өзінің жобасы аясында алты ай бойы тегін жұмыс жасайды. Яғни, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға көмектеседі. Егер талаптарға сәйкес жұмыс жүргізіп жатса, алты айдан кейін қалған 500 мың теңгесі беріледі. Жоба бойынша басқарма тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, облыс жастары барлығы 555 жоба ұсынған. Қазіргі таңда ұсынылған жобаларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар бірқатар аудандарда өз деңгейінде жүргізілмеген. Мысалы, Сарысу ауданында – 20, Т.Рысқұловта – 24, Меркіде – 25, Таласта – 34, Жамбылда – 37 жобадан болса, Мойынқұм ауданынан 1 ғана жоба ұсынылыпты. Осы ретте, Мойынқұм аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбат Байғонысовпен тілдескенімізде, елді мекенде жастардың саны аз, ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың саны көп болғандықтан да төмен нәтиже орын алғанын айтты.

– «ZHAS PROJEKT» жастар корпусын дамыту жобасы басталған күннен бастап ауданда тұрақты түрде ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Бірақ, өкінішке қарай облыс бойынша ең төмен көрсеткішті Мойынқұм ауданы көрсетті. Себебі, жаз мезгілі болғандықтан дәл қазіргі таңда науқандық жұмыстар қызып тұр. Қол қусырып бос жүрген жастар жоқ десе де болады. Мәселен, Ұланбелдің жастары тас қазумен айналысса, мыңаралдық жастар балық шаруашылығы ар­қы­лы нәсібін тауып жүр. Бау-бақшамен, малмен ай­на­лы­сып жатқан жастарымыз да көп. Сол себепті, аудан жас­тарының игілігі мол жобаға қатысуға мүмкіндігі болмады,–дейді А.Байғонысов.

Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, ZHAS PROJEKT» жобасы облысымыздың талай жасына табыс тайқазанын тасытуға мүмкіндік сыйласа, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы да кәсібін бастап, адал еңбекпен ырзығын айырып жүрген жастар көп екен.

Қордың облыстық филиалының мониторинг бөлімінің менеджері Болат Нұрмахановтың айтуынша, екінші деңгейлі банктер секілді емес, мұнда тұрғынның кепілге қоятын дүние-мүлкіне ешқандай шектеу жоқ. Мүлкінің бағалануына байланысты несие беріледі. Ал, несие алу үшін міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, сертификат алу керек екен.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы негізінен кәсіпкерлерді қар­жылай қолдап, халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. Осы мақсатта несиеге қатысты әлеу­мет­тік бағдарламаларды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері қор тарапынан көптеген жұмыс іске асты. Жалпы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» тек ауыл тұрғындарымен ғана жұмыс жасайды. Әр бағыт бойынша «Егінжай», «Сыбаға», «Кәсіпкер» бағдарламалары бар. Осы уақытқа дейін облысымыздың түкпір-түкпіріндегі елді мекендердің тұрғындары миллиондаған несие алып, өздерінің жеке кәсіптерін бастады. Сондай-ақ, соңғы жылдары ауыл жастары да қор филиалына көптеп қайырылуда. Өткен жылы 189 жас несие алса, биылғы жылы 41 жас қор арқылы несиелендірілді.

Негізі, қордан несие алудың талаптары қиын емес. Ең алдымен «Бастау Бизнестің» сертификаты, кредиттік тарихы таза және төрт түлік ұстайтын қора-жайы болуы керек. Ауылды жердегі кез келген үйді кепілге қоюға болады. Несие 4 миллион теңгеге дейін 6 пайызбен 6,5 жылға беріледі. Және төлеу кестесі азаматтың мүмкіндігіне қарай екі тараптың келісімімен бекітіледі, –дейді Болат Бахытұлы.

«Кедейлік кетсін, молшылық жетсін десең, еңбек қыл» дейді халық даналығы. Расында да, алдына нақты мақсат қойып, оған қол жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап, еңбегінің жемісін көріп жүргендер аз емес. Жамбылдық жастар арасында көп капиталсыз-ақ жеке бизнесін бастап, табысқа жетуге болатынын дәлелдеп жүрген «Astana-Cinema» кинотеатрының директоры Олжас Қуандықов ең бастысы кәсіпкерге қаржыдан бұрын, таудай талап керек екенін айтады.

– Кәсіпкерлік нағыз нартәукелді қажет ететін сала. «Тәуекел түбі – желқайық» дейді. Дегенмен, мұнда жоспарсыз қадам жасалмайтыны да түсінікті. Кәсіпкерліктегі әрбір шешім мұқият ойластырылуы тиіс. Өз кәсібін ашқысы келетін кез келген адам бастапқы капиталды табудың жолын іздеп бас қатырады. Алайда, бизнестің аяққа тұрып кетуінде қаржымен бірге нақты нәтижеге бағытталған әрі өте мұқият ойластырылған жоспардың қажет екендігін көпшілік ескере бермейді. Қолындағы қаражатты айналымға салып жіберіп, «алма піс, аузыма түстің» кебін киіп, қол қусырып отыра беру бизнестің заңына қайшы. Бизнестегі басты нәрсе әрекеттілік. Жоспарыңды өз деңгейінде жүзеге асырып шығу үшін тынбай әрекеттену қажет. Мәселен, мен кәсібімді достарыммен бірігіп жинаған болмашы ғана қаражатпен бастадым. Сол кезде біз үшін капиталдың құнынан гөрі өз бизнес-жоспарымыздың нарықтағы сұранысы маңызды болды. Өзге өңірлерде осы салада жүрген әріптестеріміздің тәжірибесін жан-жақты зерттедік.

Сондықтан да, табысты кәсіпкер болу үшін өз мақсатына жету жолындағы табандылық атты мінез қажет. Сонда ғана кәсіп ашқан кезде кездесетін қиындықтарды еңсеруге болады, –дейді Олжас Қуандықов.

Демек, бастапқы капиталсыз да кәсіп ашып, шаруаның тетігін табуға болады екен. Тек талап керек. Қалған кедергіні кәсіп ашуға ниетті азаматтың бойындағы табандылықтың арқасында еңсеру еш қиындық тудырмайды.

Ал, өз тәжірибесімен бөліскен белгілі кәсіпкер, «Қошмамбетов және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асан Қошмамбетов дәл қазіргі уақытта кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалғанын, тек істің көзін табу керек екенін айтады.

– Кейде кәсіпкерлік саласына көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдауларды көргенде «біздің жас кезімізде де осындай мүмкіндіктер болғанда ғой» деп армандаймын. Біз жоқтан бар жасап, қарызданып-қауғаланып жүріп кәсібімізді бастадық. Шүкір, қазір жұмысымыз жанданып, өзгеге шарапатымызды тигізіп жүрген жайымыз бар.

Ел азаматтарын кәсіп ашуға итермелеу үшін мемлекет қыруар қаржы бөліп, несие беріп те жатыр. Бірақ бір әттеген-айы, оны көпшілігі өз игілігіне қолдана алмай жүр. Неге десеңіз, оның бір себебі ерік-жігер жетіспейді. Арагідік жастармен тілдесіп, кәсіпкерлікке байланысты пікірлеріне құлақ түрсең түңілесің. Көпшілігі бүгін бастап, ертең мол табысқа кенелгісі келеді. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге бейім. Бұл орайда, құзырлы мекемелерге ешқандай кінә таға алмаймын. Кәсіпкерлерді несиелендіру, құқығын қорғау сынды өзекті мәселелердің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық кемшілік жастардың өзінде. Мемлекет зор мүмкіндіктер сыйлап қолына «қармағын» берді. Енді «балығын» өзі аулауы керек қой. Жұмыстың ауырлығынан қашпай аянбай жұмыс жасау керек. Оңай олжа еш жерде жоқ. Екі жыл, үш жыл немесе бес жыл қиындықтарды еңсере отырып жұмыс істей білсең, одан әрмен қарай бейнетіңнің берекесін көресің. Сондықтан, жастарымыз масылдықтан арылып, «болмайды ғой» деп кері тартқанша, жалындап, жанып тұруы керек деп ойлаймын, – дейді А.Әнуарұлы.

Жастардың кәсіпкерлігіне байланысты бірқатар жауапты сала өкілдерімен, кәсіп­кер­­лермен тілдесіп, бір нәрсеге анық көзіміз жетті. Мемлекет тарапынан қолдаудың ұшан-теңіз екендігі айтпаса да түсінікті. Тек, Асан Әнуарұлы айтпақшы, барлық мүмкіндіктер қарас­ты­рылғанымен, өкінішке қарай жас­та­ры­мыз­дың өзі құлықсыздық танытып отыр. Машақаты көп кәсіпкерлік саласында жүргенше 40-50 мың жалақыны қанағат тұтып, жылы кеңседе отырғанды дұрыс көреді. Әйтпесе, облысымызда «еңбектің көзін тауып, байлықтың өзін тапқан» жас кәсіпкерлер қаншама?! Бірі мал бордақыласа, бірі дүкен ашып, енді бірі шағын цехын құрып, табан ақы, маңдай терімен табысқа кенеліп жүр. Біздің тілек, болашақта жастарымыз жұмысшы есебінде емес, жеке кәсіпкер, өзгеге жұмыс беруші тұлға ретінде қалыптасса, Қазақстанның дамыған 30 елдер қатарына ертең-ақ кіруіне дәнекер болар еді.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.