Тараздық су добы құрамасы жүлделі орын иеленді

452

Елордамыздың 20 жылдығына  орай 2006 жылы туылған және одан кіші спортшылар арасында су добынан Астана қаласының ашық кубогы өтті.

Аталған жарысқа еліміздің 9 облысы және Ресей Федерациясынан бас-аяғы 16 команда қатысты. Ал, бұл бәсекеде аймақ намысын облыс орталығындағы №4 спорт мектебінің жас өрендері қорғады. Жарыста тараздық спортшылар Көкшетау қаласымен бір топқа түсті. Тартысты өткен ойынның нәтижесінде Көкшетауды 12-11 есебімен жеңген жерлестеріміз  топта бірінші орынға ие болды. Осылайша олар 1/8 финалға шығып,  бұл кезеңде  қарағандылықтарды  5-4 есебімен тізе бүктірді. Сонымен бірге  ширек финалда Астрахань командасын 9-8 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Ақтық айналымда  Астана қаласымен 5-5 есебімен тең түсіп, пенальти қорытындысы бойынша Астаналықтарға жол беріп қойған тараздық команда жүлделі  2 орынды місе тұтты. Ал   Астрахань командасы 3-орынға ие болды. Айта кетерлігі, сайыстың нәтижесі бойынша Тараз қаласының ойыншысы Кирил Пантелеев  үздік орталық шабуылшы атанып, естелік сыйлық және грамотамен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.