Тараздық студенттерге жатақхана жете ме?

758

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің үшінші бағытында студент жастарды жатақханамен қамту мәселесіне айрықша тоқталған болатын. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды.
Дана қазақта «Үйі жоқтың-күйі жоқ» деген сөз бар. Расында да жанұясынан жырақтап, жаңа ортаға келген жастар үшін жатақхана басты қажеттіліктердің бірі. Тиісті оқу орнына құжат тапсырып, көңілді бір демдеген студенттер дәл қазіргі уақытта осы мәселемен бас қатырып әлек. Алайда, олардың барлығының мұндай игілікке қол жеткізуі екіталай. Өйткені, орын саны шектеулі. Осы орайда, біз жатақханамен қамтудың жай-күйін зерделеп көрген едік.

Байыпты бетбұрыс

Бүгінде облыс орталығы – Тараз қаласында 3 жоғары оқу орны мен мемлекеттік және мемлекеттік емес 20-дан аса колледж жұмыс істейді. Әрине, олардың барлығының өз студенттерін жатын орынмен қамтамасыз ете алмай отырғандығы ащы да болса шындық. Дегенмен, бұл бағытта бағдарлы бастамалардың қолға алына бастағаны қуантты. Оны жақында ғана облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берген аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің өзі айтып берді.
– Облыс бойынша 3 жоғары оқу орнындағы жатақхана мәселесі жан-жақты зерделенді. Атап айтсақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 657, Тараз мемлекеттік педаго­ги­ка­лық университетінде 780, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 400 студент жатақ­­хана орнына мұқтаж. Сонымен қатар, Абай атын­дағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне 300, Жамбыл медицина колледжіне 350, №9 Меркі коллед­жіне 100 жатақхана орны қажет. Қазіргі таңда Тараз инно­вациялық гуманитарлық университеті «Тараз» қонақүйін сатып алды. Қалған 2 жоғары оқу орны мен
3 колледж тарапынан жатақ­хана салу үшін тиісті жер телімдері белгіленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге құжаттамалары дайын­далуда, – деді Асқар Исабекұлы.
Яғни, облысымызда жоғары оқу орнында
1 837, колледждерде 750 жатақхана орыны тапшы екен. Ең бастысы, сең қозғалды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Үндеуі тиісті жұмыстарды жандандыруға тың серпіліс бергенін ерекше атап өткен жөн.

ТИГУ-дың тиімді тірлігі

Әсіресе, Елбасының әлеуметтік бастамасын бірден іске асыруға кіріскен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті Жамбыл даңғылының бойында орналасқан «Тараз» қонақүйінің ғимаратын студенттері үшін сатып алды. Жалпы 7 656,2 шаршы метрді қамтитын нысан енді 400 жастың тұрғылықты орны болмақшы. Аталмыш университеттің тәрбие және стратегиялық дамыту жөніндегі проректоры Санат Әшірбековтың айтуынша, қазір ол нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бүгінде еңселі ғимараттың 2-3-қабаттары университеттің әкімшілік-шаруашылық қызмет­кер­ле­рі­нің атсалысуымен ағымды жөн­деу­ден өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқта­лы­сы­мен алдағы қыркүйекте сол қабаттарға 160 студентті орналастырамыз. Алдағы күзден бастап, нысанның шатырын толық жаңалаймыз. Содан кейін 4-5-қабаттары мен өзге де бөліктері жаң­ғыр­тылады. Жылу жүйелері мен қазандығы ауыс­ты­ры­лып, қасбеті қапталып, әрленеді. Мұндағы әр қабатта 40 бөлме бар. Соның әрқайсысын 2 адамға лайықтап жабдықтаймыз. Бұл студенттердің сабаққа алаңсыз дайындалуына мүмкіндік береді. Біз осы арқылы тек студенттерді ғана емес, оқу орнымызда шетелден және өзге өңірлерден келіп, дәріс беріп жүрген профессор-ғалымдарымызды, жас мамандарымызды да баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Санат Сағымбекұлы.
Қонақүй ғимаратында бұрын жұмыс істеп келген ойын-сауық орындары жастардың тәрбиесіне кері әсер ететіндіктен, басқа жаққа көшіріліпті. Енді мұнда университеттің тәрбие бөлімі орналастырылып, тәртіп пен тазалық жіті қадағаланатын көрінеді. Сонымен қатар, жас ізденушілердің өзін-өзі дамы­ту­ға арналған кабинеттері, сабаққа әзірлену, психоло­гия­лық көмек көрсету бөлмелері, түнгі абонемент, интернет-кафе, спорт зал, жазғы алаңша жұмыс істемек. Студенттердің уақытын тиімді пайдаланып, барынша оқуға көңіл аударуына жағдай жасау мақсатында жатақханадан түрлі үйірмелер ашылып, телефон балансын толтыратын терминал орнату да көзделіпті. Сондай-ақ, жатақхана бағасы да студенттің қалтасына қолайлы деңгейде белгіленеді.
Бұл жаңалықтан құлағдар болған ТИГУ студент­те­рі­нің қуанышында шек жоқ. «Филология» факультетінің 3-курс студенті Асылбек Байғазиев ағынан жарылып, оқу ордасының басшылығына алғысын жеткізді.
– Тараз инновациялық-гуманитарлық универ­си­тетінің студенттер жатақханасы үшін қаладағы үлкен ғимаратты сатып алып, білім алушыларға лайықтап жаңғыртып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Осындай игі істі атқарып, жастарға жайлы жағдай жасап отырған университет ректоры бастаған оқу орнының әкімшілігіне ризашылығымызды білдіремін. Жатақхана жеткіліксіздігінен көптеген студенттер жалдамалы пәтерде тұрып, ата-анасына салмақ түсірмеу үшін оқуымен қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Кейбір студенттердің кәмелет жасына жетпей жатып, еңбекке араласқаны заңға қайшы келеді. Және қолында дипломы жоқ жастарды тек дәмханаларда даяшылық, көлік жуу секілді жұмыстарға алады. Даяшылықтың қызметі көбіне кешкі, түнгі мезгілде болғандықтан, жасөспірім үшін қауіпті. Міне, осындай кедергілерге қарамастан ата-анасының жағдайын ойлаған жастар жұмыс істеп, оқуына салғырт қарап жатады. Мұндай мәжбүрлік толыққанды білім алуға кедергі келтірмей қоймайды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айтылғандай, студенттер үйі көптеп салынып, жастардың білімге ден қоюына жағдай жасалса, білікті мамандарымыз көбейіп, іс алға басар еді. Яғни, бұл – ел экономикасы дамып, мемлекетіміз өркендейді деген сөз. Себебі, білікті маман – негізгі еңбек күші, – дейді Асылбек Нәсіпқалиұлы.

Жалдамалы пәтердің құны қанша?

Ал, «Болашақ» колледжінің 3-курс студенті Мадияр Бейсенов жатақханадан орын бұйыр­ғаны­мен, кейін жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болға­нын айтады.
– Колледждің жатақханасынан орын алып, бастапқыда сонда тұрдым. Бірақ, ондағы ай сайын­ғы төленетін ақыдан жалдап тұратын пәтердің бағасы арзанырақ. Сондықтан, бірнеше бала болып бірігіп, жалдамалы пәтерге шығып кеттік. Өткен оқу жылында 40 мың теңге пәтерақыны бес жігіт 7 500 теңгеден бөліп төлеп, бірге тұрдық. Өзім ақылы негізге оқимын, қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынайтынымыз тағы бар. Ауылдағы ата-анамыздан қайта-қайта ақша сұрата берген де қиын. Әйтеуір, амалдап 2-курсты аяқтадық қой. Енді тағы да бағасы арзандау жалдамалы пәтер іздеп жүрміз. Жылжымайтын мүлік иелерінің көбі студенттерге сенімсіздікпен қарайды. Сонда студент қайда баруы керек? Ал, жалдамалы пәтердің бағасы болса анау, уақыт өткен сайын аспандап барады, – дейді ол.
Жаңа оқу жылының қарсаңында Тараз қала­сын­дағы жалға берілетін пәтерлердің бағасын біз де бағамдап көрдік. Өйткені, дәл осы кезеңде «сауданың» қыза түсетіндігі белгілі. Қожайындар да жалдау ақысын қалауына қарай құбылтады. Мысалы, ең арзан баға айына 25 мың теңгеден басталып, жағдайына, жиһазбен жабдықталуына байланысты 50-60 мың теңгеге дейін барады. Коммуналдық қызметтердің төлемақысы тағы бар. Дегенмен, бес-алты жастың бір бөлмеде топтасып тіршілік етуінің оқу процесіне оң әсерін тигізбейтіндігі айтпаса да түсінікті.

Жаңа нысандар бой көтереді

Магистранттарды қоспағанда, 7 мыңдай жасқа жоғары білім беретін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 3 жатақхана бар. Сол арқылы оқу ордасы 840 студентті жатын орынмен қамтып отыр. Университеттің бірінші проректоры Асқар Абдуалының айтуынша, алдағы қазан айында төртінші жатақхананың іргетасы қаланбақшы.
Ал, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде 800-дей жас күндізгі бөлімде білім алады. Солардың 460-ын жатақханамен қамтуға дан мүмкіндік бар.
– Студенттердің бәрін түгелдей жатақханамен қамти алмайтындықтан, орын алдымен шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келген, сосын көпбалалы, тұрмыстық жағдайы аз қамтылған отбасынан шыққан және ата-ана қамқорлығынан айырылған жастарға беріледі. Алдағы 25 тамыздан студенттерді жатақханаға қабылдау басталады. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасына» орай енді 400 орындық жаңа жатақхана салынбақ. Оның құрылысы биыл басталады деп күтілуде, – дейді университеттің студенттік кәсіподағының төрағасы Сайын Құрбан.

Түйін

Әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуға ұмтылған бүгінгі кезеңде адами капитал сапасын жақсартудың рөлі зор. Бұл тұрғыда білім – бәсекелестікке төтеп беретін басты бағдар. Сондықтан да ілім қуып, ілгері ұмтылуды көздеген жастарға жан-жақты жағдай жасалуы керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.