Тараздағы «магнит» баланың бүгінгі жағдайы қандай?

433

Тараздағы «магнит» баланың бойындағы тартылыс күші күшейіп жатыр.

Тараздағы 3-сынып оқушысы Нұрдәулеттің «магнит» бала атанып кеткеніне көп болған жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын ерекшелігімен елді елең еткізген Нұрдәулеттің бойындағы қасиеті күн өткен сайын артпаса, кемімеген. Бізге ол туралы анасы айтып берді.

Алты жасар немересінің  бойында тартылыс күші бар екенін бірінші болып атасы Арыстанбек байқаған. Содан үйіндегі жақындары баланы ортаға алып, Нұрдәулеттің үстіне қасық, шанышқы секілді өзге де майда темір заттарды жабыстырып көрген. Олар алғашында өздері де сенбегенімен, қайран қалғандарын жасырмайды. Дәрігерлерге сан мәрте көрсеткенімен, өн бойынан ешқандай кемшілік немесе сырқат табылған жоқ. Олар тылсым қасиет бала денсаулығына еш зардабын тигізбейтінін айтқан.

Бүгінде ол Тараздағы №29 мектепте 3-сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі өте жақсы.

«Нұрдәулет — оқу озаты. Ұстаздары тәртібінің де үлгілі екенін айтып мақтайды. Магниттік қабілеті артып келе жатқан сияқты. Алғашында денесіне жеңіл заттар жабысса, қазір ауыр заттар да жабысатын болды. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Дегенмен, кей кездері ыстығы қатты көтеріліп, 2-3 күн түспей тұрып алады. Ондайда бойындағы тартылыс күші де күшейе түседі. Қазір бойындағы энергиясын шығару үшін футболға қатысып жүр. Доп тебуге деген ынтасы жоғары»,- дейді анасы Аида Оңталапқызы.

Әкесі Нұрлыбек Қарақұлов баласының табиғатынан зерек, алғыр екенін, мінезінің өте тұйық, көпшілікпен көп ашылып сөйлесе бермейтінін айтады. Қазір денесіне қасықтан бөлек ұялы телефон, планшет, үтік секілді салмақты заттар да жабысады екен. Ерекше бала республикалық телеарнадағы бағдарламаларға да арнайы шақыртылып, көрермен таңданысын туғызған. Нұрдәулеттің ата-анасы Аида мен Нұрлыбек перзенттерінің ертеңіне іштей алаңдаулы екенін жасырмайды. Бұл қасиет қашанға дейін жалғасатынын ешкім білмейді. Сондықтан уақыт өте денсаулығына кері әсер ете ме деп те уайымдайды. Табиғаттың ғажайыбы бойына дарыған Нұрдәулеттің бала арманы — футболшы атану.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.