Таразда дәстүрлі Тамыз конференциясы өтуде

760

Таразда облыстық Тамыз конференциясы өтуде. Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі – бұл педагогтар үшін жаңа оқу жылының басталуына және педагогикалық идеяларға есеп беретін дәстүрлі оқиға. Жамбылдық педагогтардың басын қосқан дәстүрлі жиында жаңа оқу жылындағы өзгерістер  талқыланып, алдағы жоспарлар түзіледі.

Жиында сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова аймақтағы білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

– Облыста білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 106,1 млрд.теңге бөлінді.

Білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы 4,9 млрд теңге бөлініп, 14 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 9 мектептің құрылысы пайдалануға беріледі. Апатты жағдайдағы 3, үш ауысымда жұмыс істейтін 3, оқушы орны тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешіледі.

Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 91%-ды құрады (ҚР-90,5%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу үшін 45 мектепке дейінгі ұйымдарын ашу жоспарланған. Оның 31-і жекеменшік балабақша.  Биыл Тараз қаласында балаларды кезекке қою мен жолдама берудің автоматтандырылған жүйесін енгізу көзделуде.

Кестеге сәйкес бүгінге дейін 1,2,5,7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшсе, жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8-ші сыныптар жаңартылған білім беру мазмұндағы бағдарламамен оқиды. Осы сыныптарға сабақ беретін 15633 мұғалім курстан өтті. Бұл барлық мұғалімдердің 63,3%-ы.

Облыстың дарынды оқушылары биылғы жылы да халықаралық, дүниежүзілік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 143 медаль иеленіп, 7-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанса, дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернаты 10-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды, – деді облыстың бас ұстазы.

Сондай-ақ, өз сөзінде басқарма басшысы дарынды оқушылардың жетістігі – мұғалімнің тынымсыз еңбегінің нәтижесі екеніне тоқталды.  Рахия Сейітбекқызының айтуынша, бүгінгі мұғалім жаңалыққа жақын, жаңа білім мен идеяны үнемі іздейтін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Ағымдағы жылы облыстың 508 педагогы республикалық байқаулардан жеңімпаз атанған.

Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа баллы өткен жылмен салыстырғанда 11,5 балға жоғарылап, 89,4-ті құрапты. Тестілеу нәтижесі бойынша Жамбыл облысы республика көлемінде алдыңғы үштіктен көрінген. Нәтижесінде түлектердің 3000 астамы мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алған.

Бұдан бөлек, Р. Тұрмаханбетова жаңа оқу жылында күтіп тұрған жаңалықтармен де бөлісті.

2018-2019 оқы жылында облыста жаратылыстану-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын 11 мектеп-лицей ашылады. Дарынды балаларға арналған мектептер желісі де өседі.

Елбасының тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс істейтін 16363 (66,3%) педагогқа лауазымдық жалақысына 30% қосымша ақы төленсе, 1 қыркүйектен бастап 2181 (8,8%) мұғалімнің біліктілігіне қарай 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы төленетін болады.

Өткен оқу жылында 45 мектепте үш тілде оқытуға көшу бойынша биология, химия, физика, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізілсе, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 185 мектепте аталған пәндер ағылшын тілінде оқытуды бастайды.

Облыста оқушыларға бағдарламалауды, робототехника негіздерін және 3D модельдеуді үйрететін 12 IT сынып ашу жоспарланып, бүгінде оның 11-і ашылды. Облыста дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланды, – деді басқарма басшысы.

Баяндамасы барысында Р. Тұрмаханбетова Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының  «Туған жер» жобасын  іске асыру мақсатында оқушылардың өлкетанулық білім мазмұнын кеңейтуге, туған өлке тарихы туралы тың мәліметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін, өлкенің тарихы, мәдениеті туралы мәліметтер жинақталған облыста тұңғыш рет 5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығы дайындалғанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, алдағы оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлінгенін жеткізді. Оның 3324-і (66,1%) — жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.