Таразда арендалық-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді

95

Бүгін Отан қорғаушылар мерекесіне орай Тараз қаласында 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
Пәтер кілтін иеленгендер қатарында Ұлы отан соғысының ардагері, жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Олардың ішінде барлығы 35 көпбалалы отбасы баспаналы болып отыр.

– Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8-наурыз мерекесіне Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса, 1-мамыр мерекесіне орай Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр, – деді Асқар Исабекұлы өз сөзінде.

Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы тұрғызылған болатын. Құрылысын мердігер «Агроспецстрой» ЖШС-гі жүргізген.
Пайдалануға беріліп отырған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі және арендалық айлық төлем көрсеткіші 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген.
Айта кетейік, «Байтерек» мөлтек ауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы 62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал, бүгін ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.

Жалпы, облыс бойынша пәтер алу үшін кезекте 24 533 адам тұрса (1- сәуірге), оның 14 046-ы халықтың осал тобына жататындар (о.і. 2 346-ы көп балалы отбасы).
Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12,1 млрд. теңгеге 2 118 көппәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 988 пәтерлі 28 үй пайдалануға берілуі тиіс. Ал, 130 пәтерлі 2 арендалық үй – 2020 жылға өтпелі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасы аясында бөлінген қаржы есебінен 187 отбасына баспана алып беру жоспарланып отыр.
Жалпы, биыл бюджет есебінен 2 175 отбасын пәтермен қамту күтілуде. Кредиттік 21 үйден 1 460 пәтер, арендалық 7 үйден 528 пәтер, 187 пәтерді сатып алу жоспарланған.
Сонымен қатар, тұрғын үй кезегі жеткенше көпбалалы отбасыларын жатақханалармен қамту жұмыстары да қолға алынған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 2,6 млрд. теңге бағытталып, Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында баспанаға мұқтаж деп анықталған осы санаттағы 612 отбасына жатақханалар салынады. Ал, демеушілер есебінен жалпы құны 100 млн. теңгеге 33 көпбалалы отбасына тұрғын үй беру көзделуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.