Тараз қаласындағы Ленин көшесінің атауы Бейбітшілік болып өзгереді

673

Бүгін Тараз қаласы әкімдігінде қалалық мәслихаты тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауы өтті. Қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, халық қалаулылары мен БАҚ өкілдері қатысқан жиында көне шаһардағы кеңестік идеологияның жұрнағындай сақталып қалған «күн көсемінің» есімімен аталған көшеге жаңа атау беру мәселесі талқыланды.

Онда кісі есімі емес, ұлттық болмысымызға, татулықты ту еткен береке, бірлік пен ынтымағымызды әспеттейтін «Бейбітшілік» атауын беру ұсынысы айтылды. Жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваның айтуынша,  ұзындығы 2928 метрді құрайтын Ленин көшесінің (1,2-ші бұрылысы) бойында қазіргі уақытта орналасқан 178 үйдің 123-і жаңа атауға қолдау білдіріп, хаттама түрінде келісімін берген. 9-ы қалыс қалып, қалған тұрғындар белгілі себептермен сауалнамаға қатыса алмапты. Дейтұрғанмен жергілікті бұқараның басым көпшілігі көшенің жаңа атауын қолдап отыр. Аталмыш көшенің бойынша шоғырланған Ә.Бөкейханов атындағы № 1 гимназияның директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Ләззат Қызылқұлова, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков, аталмыш көше бойындағы жеке секторда он бес жыл бойы тұрып келе жатқан зейнеткер Бағдагүл Қарбозова және  қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері жиын барысында өз пікірлерін білдіріп, шырайы артып келе жатқан шаһардағы көшелердің ұлттық идеологияға сай атауға ие болғанын құп көретіндерін жеткізіп, күн тәртібіндегі мәселені қолдауға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.