Талас ауданында «Тілдерді оқыту орталығының» бөлімшесі ашылды

540

Талас аудандық  «Тілдерді  оқыту  орталығы» 2010  жылдан  бері  үштілділік  бағыты  бойынша  тіл  үйретумен айналысып  келеді. Жұмыстары  жылдан  жылға  қарқын  алуда, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі.

Биылғы   жылдың  өзінде 6  топта  60 адам  мемлекеттік  тіл, 3 топта  35 адам  ағылшын  тілі  және 1 топта 15 адам  орыс тілі бойынша білім алып, тіл білу деңгейін  дамыту  үстінде. Олар  2,5  ай  оқып,  тест  қорытындысы  бойынша  сертификат  алады. Ал,  осы  екі  жарым  айдан  соң  білімін  тереңдетемін  десе,  онда  өзі  оқып  жатқан  тіл  бойынша  білімін  ары   қарай  жалғастыра  алады.

Бұл  күнде  орталық  өзінің  оқыту  шеңберін  де  кеңейте  түсуде. Жақында «Тілдерді  оқыту  орталығының  қызметкерлері  қала  іргесіндегі  Мақұлбек   ауылында  болып,  күрді  ұлты  өкілдері  арасында  «Мемлекеттік  тіл- болашаққа  бастар  жол» атты  акция  өткізді.

Жиында  осы  орталықтың  бұрынғы  меңгерушісі, қазіргі  таңда «Жұлдыз» аула  клубының  директоры  Айгүл  Бескемпірова  сөз  сөйлеп,  қазақ  тілінің  әлемдік  тілдер  ішіндегі  ең  бай  тіл  екендігін, тілдерді  дамыту-ел саясатының  маңызды  бөлігі  екендігін  түсіндіріп,  осы  ауылда  орталықтың  қосымша  бөлімшесі  ашылатындығын  жеткізді.

Ауыл  тұрғыны  Рашид  Ахметов те  мемлекет  саясатын  қолдайтындықтарын,  мұндағы  ағайындардың   басым  бөлігі  қазақ  тілінде  сөйлей алатынын,  сондықтан  да, мемлекеттік  тілде  білім  алу  қиын  болмайтынын  баяндап, бөлімше   ашу  жөніндегі  ұсынысты  бірауыздан  қолдайтындарын  айтып  өтті.  Ауыл  тұрғындары да   бір  кісідей  мақұлдасып,  ризашылық  танытып  жатты.

Бұл  күні  орталық  тарапынан  ауыл  балаларына  балмұздақ ,тәтті су  мен  тәтті  тоқаштар  таратылып, концерттік  бағдарлама  ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.