Сарысулықтар астық орып, мал азығын дайындауда

728

Сарысу ауданы бойынша 19559 га егістік жер бар, оның 3588 га (18,3%) суармалы егістік алқабы аудандағы ауыл шаруашылық құрылымдарына берілген.  2018 жылдың өнімі үшін 2500 га күздік бидай егілді, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі.

Аудан бойынша биылғы жылы көктемде 2245 га арпа, 1120 га жүгері, 7755 га мақсары, 220 га көкөніс, 126 га картоп, 300 га бақша, 580 га көпжылдық шөп (таза егіс 2018 ж.) дақылдары барлығы 18559 га жерге ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1306 га-ға немесе 7,7 %-ға артып отыр.

Егін орағы ауыл шаруашылық құрылымдарының өз  күшімен   атқарылуда. Шаруашылықта 28 астық комбайны есепте тұр. Астық  орағына 28 комбайн, 26 автокөлік, 14 трактор тіркемесімен қатысуда.

Астық сақтайтын 10 қойма сапалы жөндеуден және астық зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеуден  өткізілді.

Сондай-ақ, табиғи өрттердің алдын алу және зардаптарын жою туралы мал азығын дайындау, астық ору науқандарына қатысатын ауыл шаруашылық құрылымдары басшыларына өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын қатаң сақтауды бақылауда ұстау тапсырылды. Алқаптарда өрт қауіпсіздігі сақталып, егін алқабының айналасы жыртылған. Комбайндар  мен тракторларға ұшқын өшіргіш құрылғылары орнатылып, өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.

Бүгінгі таңда 1865 га масақты дақылдар, оның ішінде күздік бидай 715 га, жаздық арпа 1150 га орылып, тиісінше 14.8 және 15.4 центнерден өнім алынды, 2798 тонна астық қамбаға құйылды. (Жалпы өнім 15,1 центнерден айналды).

Мал азығын дайындау жоспарға сәйкес орындалуда. Ағымдағы жылы 99000 тонна мал азығын дайындау жоспарланып, қазіргі таңға дейін 84425 тонна мал азығы дайындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары әлі жалғасуда.

Аталмыш нәтижені келер жылы арттыра орындау жоспарланып отыру да жоспарланып отыр екен. Осы орайда, аудан әкімдігі сарысулық диқандарға ескерту жариялайды:

«Еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісі негізінен екі саланы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын біріктіреді. Бұл салаларды қарқынды дамытып қана қоймай, азық-түліктің өзіндік құнын азайтып, аталған салаларда еңбек өнімділігін анағұрлым арттыра отырып, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру алға қойылған мақсаттардың бірі. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі тұқымнан бас-тау алатыны ертеден белгілі. Жерге сапасыз тұқым сепкенде өнім ала алмайды. Сондықтан сапалы тұқым сепкен дұрыс.

Егілетін дақылдардың тұқымдарының сапасы — егіншілік саланы жақсартуға және ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына қосатын үлесі орасан. Элиталық және жоғары репродукциялы тұқымдардың қолданыста жүрген тұқымдардан айырмашылығы өте көп. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес сатып алынған бірегей, элиталық, бірінші көбейтілген, бірінші ұрпақты буданды тұқымдар басым тәртіппен субсидияланады.

Сол себепті, алдағы уақытта тұқымдық қорды жаңарту үшін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне жүгінуге болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңының 13, 21-баптарына сәйкес тұқымдарды өндіру мен пайдалануға қойылатын талаптар бойынша міндетті түрде егістерді байқаудан (апробация) өткізу қажет.

Сапасы анықталмаған белгісіз сорттарды қолданған ауыл шаруашылығы құрылымдары заңнама талаптарын бұзған болып табылады. Сондай-ақ тұқымдарды зертханалық сараптамадан өткізбей пайдаланса және тұқымдыққа арналған егістік алқаптарын апробациядан өткізбеген шаруашылықтарға әкімшілік шара қолданылатын болады.» – делінген әкімдік хабарламасында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.