Облыс әкімі А.Мырзахметов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақовтың Жаңа жылдық құттықтауы

375

Құрметті жамбылдықтар!

Сіздерді жаңа 2020 жылмен құттықтаймыз!

Жаңа жыл – өткен жылға есеп беріп, алға жаңа мақсаттар қоятын сәт. Өздеріңізге мәлім санаулы уақыттан соң тарих қойнауына енетін 2019 жыл қазақстандықтар үшін маңызды оқиғаларға, тың жетістіктерге толы болды. Елімізбен бірге өңіріміз де өрелі істерге қол жеткізді. Экономиканың барлық салаларында оң динамика қалыптасты. Бұл ел ынтымағының жемісті жұмысының нәтижесі.

2019 жылы Қазақ хандығының алғаш қазығы қағылып, тарихтың темірқазығына айналған Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесі аталып өтті. 80-нен аса әлеуметтік-мәдени жаңа нысандар ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Өңір тұрғындарының әл-ауқаты арта бастады. Жолдар жаңартылып, елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй бағдарламалары жүйелі жүзеге асып, қоныс тойын тойлаушылардың саны артты. Көптеген коммуналдық үйлер күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті.

Әу бастан тышқан жылы молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп саналған. Алдағы уақытта облысымыздың игілігі үшін атқаратын істер өте көп, сондықтан 2020 жыл –  іргелі істерге толы болады деген сенімдеміз.

Президент пәрменімен Жастар жылы Еріктілер жылына ұласты. Бұл шешім ел ертеңі саналатын жастарға қанат бітіріп, шабыттандыратыны анық.

2020 жылы қазақстандықтар Ұлы Жеңістің 75 жылдығын, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық және Әбу Насыр әл-Фарабидің  1150 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Тарихты тануда, одан тәлім алған тәлімді ұрпақ тәрбиесіне сіңіруде осындай мерейтойлық шаралардың берері мол болмақ.

Құрметті облыс тұрғындары!

Баршаңызға елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға бақыт пен шаттық тілейміз.

Мемлекетіміздің мерейі үстем болып, мәртебесі артып, абыройы асқақтай берсін!

Баршаңызға  Жаңа жыл құтты болсын!

Облыс әкімі А.Мырзахметов,

Облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов

Leave A Reply

Your email address will not be published.