«Лашын» кеңге жаяр құлашын

753

Сонымен қатар, Астана қаласының 20 жылдығына орай осы ауданда тағы да бір балабақшаның тұсауы кесілді. «Лашын» деген атпен жұмысын бастаған мекеменің ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Досаев балабақша ұжымына сәттілік тілеп, сый-сияпат көрсетті. -Елордамыздың мерейлі мерекесі қарсаңында ашылып отырған балабақшаның ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі күнге дейін ауданымызда «Балапан» бағдарламасын іске асыру мақсатында 30 балабақша мен 19 шағын орталықтар жұмыс істеп келеді. Онда жалпы саны 4035 бүлдіршін тәрбиеленуде. Дегенмен, қазіргі кезде аудандағы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету деңгейі 87,6 пайызды құрап отыр. Айта кету керек, 2016 жылы аудан бойынша бір ғана жекеменшік балабақша болатын. Міне, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсінген кәсіпкерлер соңғы екі жылда бірқатар жекеменшік балабақшаларды ашуда. Мәселен, өткен жылы төрт балабақша ашылса, биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде бесінші балабақшаны ашып отырмыз. Осы қарқын бәсеңдемесе, жыл соңына дейін әлі бірнеше бөбекжай есігін айқара ашады. Нәтижесінде, жыл аяғына дейін 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету көрсеткішін 96 пайызға жеткіземіз деген ойдамын, — дейді Қайрат Әскербекұлы. Жеке кәсіпкер Гүлнәр Жүнісалиеваның иелігіндегі «Лашын» балабақшасының жалпы жобалық құны 7 миллион теңгені құрайды екен. Жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген балабақшада тәрбие және білім беру жұмыстары тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Нысан бір қабаттан және екі блоктан тұрады. Байқағанымыздай, «Лашында» әр баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Әрбір топ блогына кең де жарық жатын бөлмелер, шешінетін орын кіреді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта ойын бөлмелері мен оқу сыныптары бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.