Қазақстанда жаңа кадрлық тағайындаулар жүргізілді

688

Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Арман Әділханұлы Жүдебаев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметіне тағайындалды.

Арман Әділханұлы 1986 жылы 17 қыркүйекте Алматы облысы Қапшағай қаласында дүниеге келген. Ахмет Жұбанов атындағы дарындағы балаларға арналған музыкалық орта мектеп интернатының түлегі. 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыка факультетінің домбыра мамандығы бойынша және 2005 жылы қосымша дирижерлау мамандықтарына оқуға түсіп, үздік бітірген. 2009 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистратура ғылыми-педагогикалық бағытында 6М040500-дирижерлеу мамандығы бойынша конкурс негізінде мемлекеттік грантқа ие болып, 2011 жылы Өнертану магистрі академиялық дәрежесін алады. 2009-2013 жылдар аралығында аталмыш оқу орнында оқытушы қызметімен қатар, студенттік ұлт аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарады. 2013 жылдың кыркүйегінен бастап Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Сәуле Айтпаева тағайындалды.

Сәуле Мұханбедианқызы 1960 жылдың 22 мамырында Торғай облысы Жақсы кентінде өмір есігін ашқан. Оның өмірлік жолы қазақстандық әйелдің ең биік мақсатты бағындыра алатынын, дарын мен еңбек сүйгіштік табысқа жетудің басты шарты болатынын дәлелдейді. Свердлов заңгерлік институтын бітіргеннен кейін Сәуле Мұханбедианқызы прокуратура  саласының барлық баспалдағын басып өткен. Оның еңбек жолы Ақмола облысы Целиноград қаласы Ленин ауданының прокуратурасында басталған. Одан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығында қызмет етеді. 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының арнайы есеп және құқықтық статистика бойынша Комитет төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалады. 2017 жылдың шілдесінен — ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенатының конституциялық заңдылық, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» атағына ие болған.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Аманияз Қасымұлы Ержанов ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды.

Аманияз Ержанов 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1982 жылы Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, 1987 жылы -БЛКЖО ОК жанындағы жоғары комсомол мектебін, 2001 жылы — Қазақ мемлекеттік басқарма академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1982 жылы Орал облысы Тайпақ ауданының Красноярский кеңшарының бас инженер-гидротехнигі қызметінен бастаған. Әр жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының көмекшісі, кеңесшісі, ҚР Мемлекеттік кеден комитетінің департамент директоры, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының сектор меңгерушісі, Атырау облысы бойынша кеден басқармасының басшысы, ҚР Кедендік бақылау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2006 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2006-2007 жылдары — Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2007-2012 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ИЖТМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы.    2012 жылғы ақпан мен 2017 жылғы тамыз аралығында — ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 2014 жылдың тамыз айынан 2017 жылдың наурызына дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2017 жылғы наурыз айынан бастап — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі.

Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Медет Махамбетұлы Шақаев Батыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Медет Шақаев 1985 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 2008 жылы Атырау мұнай және газ институтын тәмамдаған. Әр жылдары «Орал жолдары» АҚ-да шебер, инженер, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы, бүгінге дейін басшының орынбасары қызметтерін атқарды.

Байназаров Сайлауғалы Әбдісалыұлы Тараз қаласы әкімінің жаңа орынбасары болып тағайындалды.

52 жастағы Сайлауғалы Байназаров Қазақ политехника институтын «тау-кен инженері-электромеханигі» мамандығы, Қазақ ұлттық аграрлық университетін «экономист-менеджер» және «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. 1984-2001 жылдар аралығында радиобайланыс, білім беру салаларында және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқарып, Шымкент қаласы радиожелісінде үшінші разрядтағы электромонтердан Алматы Технология институтының проректорына дейінгі еңбек жолынан өтті. 2001-2017 жылдары Алматы қаласы және Алматы облысы әкімінің аппаратында әкімдіктің бас инспекторы, Алматы қалалық көгалдандыру департаментінің басшысы лауазымдарын атқарды. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Құрылыс дирекциясы» филиалының әкімшілік-құқықтық департаментін басқарды. 2017-2018 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінің басшысы болды. 2018 жылғы мамырдан — «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ аппаратының басшысы.

Ақмола облысының əкімі Мәлік Мырзалиннің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде «А» корпусындағы кадрлық резерв бойынша Виктор Радченко Ерейментау ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.

Виктор Николевич Радченко 1967 жылы туған. Жоғары білімді, М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлiк-экономикалық институтын өнеркәсiптiк кәсiпорындарды энергиямен жабдықтау, инженер- электрик мамандығы бойынша, Қарағанды экономикалық университетiн мемлекеттiк және жергiлiктi басқару мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын бұрынғы Торғай облысы Арқалық қаласында 1991 жылы «Торғайавиа» АҚ авиамеханик ретінде бастаған. 2001 жылдан Арқалық ЖЭО директоры, 2007 жылдан Арқалық қаласының коммуналдық мәселелер бойынша орынбасары лауазымын атқарды. 2009-2014 жылдар аралығында Қостанай облысының Лисаковск қаласының әкiмi,  Қостанай қаласы әкiмiнiң орынбасары және  «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры қызметтерінде болды. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Қорғалжын ауданының әкімі қызметіне Бауыржан Ғайсаны тағайындады.

Бауыржан Сейтқалиұлы 1972 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Куйбышев ауданында туған. Челябі мемлекеттік аграрлық және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университеттерін, Польшаның Кутне қаласындағы мемлекеттік жоғары экономикалық мектебін бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы жұмысшылықтан бастап, 1994-2005 жылдары жекеменшік саласында еңбек етті. Әр жылдары «Құсайынов және К» серіктестігінің , «Уақ» ғылыми-өндірістік бірлестігінің қаржылық директоры, бас директоры, «Достық МТС» серіктестігінің директоры болды. 2013 жылы «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалып, 2014-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды. Соңғы кезеңде Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы болып қызмет істеді.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданының әкімі қызметіне Жәрдемғали Ахметовті тағайындады.

Жәрдемғали Ахметов 1984 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылғы еңбек өтілі бар. 1976 -1978 жылдары әскери борышын өтеген. 1984 — 2012 жылдары Жылыой ауданында қатардағы экономистен бастап аудан әкімінің орынбасарына дейінгі лауазымда мемлекеттік қызмет атқарған. 2012 жылы Исатай ауданының әкімі болып тағайындалды. 2013 жылдың мамыр айында Атырау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына басшы болды. Соңғы қызметке тағайындалғанға дейін 2013 жылдан бастап Жылыой ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың кеңесшісі болып тағайындалды.

Ал, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы болып Айбек Смадияров тағайындалды.  35 жастағы А.Смадияров кадрлық дипломат болып табылады. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін үздік бітірген. Бұрын СІМ-нің орталық аппаратында, Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде және Президенттің баспасөз қызметінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Соңғы жылдары Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінде кеңесші болды.

Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ректор ауысты. Бұл қызметке  профессор Болатбек Әбдірәсілов тағайындалды.

Болатбек Серікбайұлы еңбек жолын 1986 жылдан бастаған. Ғылым жолында өзіндік ізі бар профессор биология ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты. 1986-1994 жылдары Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының оқытушылығынан бастаған Болатбек Серікбайұлы аталған оқу орнының доценті, деканы, проректоры қызметтерін атқарды. 1996-1998 жылдары — осы университеттің ректоры, ал 1998-2000 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірінші проректоры болып еңбек етті. 2000-2001 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры, содан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мониторинг және бақылау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2001 жылдың тамызынан 2004 жылдың қарашасына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры болған. Осы жылдың қараша айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпанынан 2010 жылдың қыркүйегіне дейін — ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды. 2010 жылдың қазан айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалған профессор, 2012-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, 2017 жылдың 24 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін  ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы болып жемісті қызмет атқарып келді.

Алматы әуежайын басқаруға Болат Ержанов тағайындалды.

Болат Қалиұлы «Алматы  халықаралық әуежайы» АҚ тасымалдауды ұйымдастыру бойынша атқарушы директор қызметін атқарып келген. Б.Ержанов 1966 жылы Павлодар облысында туған. Омбы қаласындағы Азаматтық авиация ұшқыштар техникалық училищесін бітірген. Еңбек жолын Павлодардағы Қазақ азаматтық авиация басқармасында бастаған.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.