«JAMBYL» телеарнасының директоры студенттермен кездесу өткізді

753

«JAMBYL» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында Жасұлан Лесбекұлы студенттердің әр алуан сұрақтарына жауап беріп, орамды ойларын ортаға салды.

Кездесуді ашып, жүргізіп отырған ТарМПУ тәрбие және әлеуметтік дамыту бөлімінің маманы Берік Өскенбаев ең алдымен білім ордасының тарихына қысқаша шолу жасап өтті. Сонымен қатар, «Жақсымен өткен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, алдыңғы буын ағалардың жүріп өткен жолы, тәжірибесі, айтар ақыл-кеңесі жастар үшін үлкен өмір мектебі екенін тілге тиек еткен Берік Қадырәліұлы кездесудің мән-маңызына тоқталды.

Ал, өз кезегінде кеш қонағы Жасұлан Әбдіхалық модератордың сұрағына орай бірнеше жеті бұрын ғана өмірден озған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шәкірті ретінде қасында жүрген күндердің тәтті естеліктерімен бөлісіп, отандық телеарналардың бүгінгі жай-күйі жайында сөз қозғады.

– Шер-аға мені «Жасико» деп еркелетуші еді. Ағаның қайраткерлік жылдарынан кейін елде тұрған кезінде қасында жүрдім. Тірі кезінде артымызда арқа сүйер айбарымыз бар секілді көрінетін. Ал, қазір бір шетіміз опырылып қалғандай. Әрине, алтын құрсақты аналарымыз аман болса әлі талай күлден көктеп көтерілген Феникстей жаңаша түлеп ұшқан тұлғалар туары анық. Бірақ, Шер-ағадай тұлғалар 100 жылда, бәлкім 1 000 жылда бір туар.

Ол кісінің бір сөзі бар. «Шегені мық дейді. Мық тағаны ұстайды. Таға тұяқты ұстайды. Тұяқ атты ұстайды. Ат ертоқымды ұстайды. Ертоқым ерді ұстайды. Ер елді ұстайды. Сондықтан мықты шеге болыңдар» деуші еді.  Баяғы да жарты әлемді жаулаған Ақсақ Темірдің баласы «Әке, әлемнің барлығын жаулап алдың. Мен енді қай жақты жаулаймын. Маған ешнәрсе қалмады ғой» деп жылайды екен. Сол секілді біз де кейде пендешілікке салынып «өзімізді көрсете алмадық» деп қапаланамыз. Жоқ, олай емес. Әркім өзінше көрсетеді. Әркімнің пешенесіне жазылған тағдыры бар. Бірақ, түптеп келгенде барлығымыздың азаматтық борышымыз – ұлтымызға еңбек ету. Шерхан ағамыз айтпақшы мықты шеге болып, еліміздің бір кәдесіне жарау. Шер-ағамыздың қасына ілесіп жүріп көрген-баққанымды бір кездесуде айтып тауысу мүмкін емес. Ең бастысы, айтқан ақыл-кеңесін өмірлік ұстанымыма айналдыра отырып, тура жолдан таймай, халыққа адал қызмет етуді шәкірт ретіндегі парызым деп білемін.

Келесі сұраққа ойысар болсам, дәл қазіргі таңда қазақ телеарнасына барлық жағдай жасалған. Соңғы үлгідегі технологиямен қамтамасыз етіліп, үлкен мүмкіндік берілді. Бір ғана кемшін тұсы бар. Өкінішке қарай, біздің жекеменшік телеарналар сенсацияның соңында кетіп бара жатыр. Рейтинг қуалап, бір-бірімен бәсекеге түсуде. Ұлттың санасын улайтын жеңіл-желпі арзанқол дүниелерге әуес болып алды. Ал, мемлекеттік арналар қашанда тәрбие құралы ретіндегі әуелгі бағытынан айныған емес, – деген Жасұлан Лесбекұлы дәстүрлі журналистиканың орнын блогерлер ешқашан алмастыра алмайтынын және «блогерлер» деп ат қойып, айдар тақпай-ақ әлеуметтік желі белсендісі деп атау жөн екенін жеткізді. Сонымен қатар, Жасұлан Әбдіхалық бүгінгі жастардың тәрбиесі жайында өнеге аларлық әсерлі әңгімесін ортаға салды.

– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарға айрықша басымдық беріліп отыр. Жастардың игілігі үшін жасалып жатқан шаруалардың барлығын тізбелеп шығу мүмкін емес. Тек мүмкіндікті мүлт жібермей, өзіміздің қажетімізге қарай жарата білу қажет. Мәселен, талайлар телефон арқылы-ақ үйде отырып миллиондап қаржы тауып отыр. Ал, енді бір жастар мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Әркім өзіне бейім сала бойынша жұмыс істеп, өз ырзығын табуы керек. «Алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отыратын заман әлдеқашан өткен. Ешкімді аямайтын, керісінше тырнағын батыруға даяр тұратын бүгінгі қатігез қоғамда «қасқыр» болмасқа амал жоқ. Көктен шашылған өз ырзығыңды таласып-тармасып жеуге асыққан жөн. «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» кері келмес үшін өзіңнің қарым-қабілетіңе қарай аянбай еңбек ету керек. Шерхан Мұртаза айтпақшы, уақыт өтіп бара жатқан жоқ, өмір өтіп бара жатыр. Сондықтан, бойда күш-қуат барда, мол мүмкіндік беріліп тұрғанда еңбек еткеннің ешкімге есесі кетпейді, – деді Ж.Әбдіхалық. 

Кездесу барысында университет студенттері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, облыстық телеарнаның бүгінгі тыныс-тіршілігі, жалпы журналистика жайында мол мағлұмат алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.