Имамдарға сертификаттар тапсырылды

483

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігі«Дін проблемаларын зерттеу» орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы имамдарының біліктілігін арттыру курстары оқытылды.

Мемлекеттік әлеуметтік жоба шеңберінде өткен шараға Тараз қаласы және Меркі, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Жуалы, Қордай, Талас, Шу аудандарымен қатар Т.Рысқұлов ауданының имамдары да қатысып, өз біліктіліктерін көтерді.

Имамдар облыстық «Һибатулла Тарази» медресесінде барлығы 84 сағаттық оқу бағдарламасын 2 аптада меңгеріп шықты. Оларға қазіргі таңдағы хадистану мәселелері, матуриди ақидасы, мұсылманның құқықтық негіздері, қазіргі таңдағы талас- тартыс, ақида мәселелері, конфликтология, дағуат негіздері мен тәсілдері, фиқһ мәселелері, дін психологиясы, террология және дін туралы мемлекеттік заңдар мен реторика пәндері бойынша терең білім алуға жағдай жасалды. Аталмыш пәндер бойынша бірнеше профессор, доцент, PhD докторлары, дінтану, исламтану магистрлері мен бірқатар белгілі оқытушылар білім берді.

Шараға «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» басшысы К.Джумекеева, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Қ.Құрманбаев, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Д.Жұмабаев қатысып, имамдарға біліктілігін арттыру курсының 84 академиялық сағатын толық бітіргенін растайтын сертификаттар табыстады.

Азамат ЛЕСБЕК

«Жаңа-Ру» жастар коалициясының президенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.