Берсең, балаға бер!

767

Жаңа оқу жылы басталмас бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарды «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық жасауға шақырған болатын.

Акция жалпыға міндетті білім беру қорының құрамына кірмейтін, бірақ мұқтаж болып табылатын аз қамтылған, көпбалалы және жағдайы нашар отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығысыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесінің қызметкерлері де аталған қайырымдылық науқанына бір кісідей атсалысты.

Ұжым мүшелері жұдырықтай жұмылып, жиналған қаражатқа көп балалы отбасынан шыққан бір бүлдіршінге керек-жарағын алып берді. Осылайша, ауызбіршіліктің арқасында бір оқушының әлеу­меттік себептер салдарынан мектепке бара алмауының алдын алды.

Елімізде 2007 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан акция барысында мекеме бастығының орынбасары әділет капитан Нұржан Кутумбетов білімге құштар бүлдіршіннің қадамына сәттілік тілеп, базарлықты табыстады.

Зағипа Марат,

ЖД-158/1 мекемесінің режим және күзет бақылаушысы әділет кіші сержанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.