Ауыл тұрғындары зауыттан шыққан өндіріс қалдықтарынан зардап шегіп отыр

460

Жамбыл облысы Жалпақтөбе ауылының тұрғындары зауыттан шыққан күлімсі иіс пен өндіріс қалдықтарынан зардап шегуде.

Сондай-ақ осы маңдағы 100 отбасының бау-бақшасы қурап, ауызсуды тұтынуы мұңға айналып отыр. Тұрғындар бұған 8 жыл қаңырап бос тұрып, қайта қосылған зауытты кінәлап отыр.

Жалпақтөбе ауылының тұрғыны Әзірет Мұсаев таза су көздерін табу үшін ауласына үшінші құдықты қазуға мәжбүр. 25 жыл пайдаланып келген екі құдықтағы ауызсуы қазір ештеңеге жарамсыз болып тұр.

— Біз өз денсаулығымыз үшін уайымдаймыз, көше тұрғындары да алаңдаулы. Өндірістен шыққан лас қалдықтар құдықтағы суымызға қосылып жатыр ма деген қауіп бар. Оны ішпек түгілі, шаруашылыққа да пайдалануға болмайды, өйткені иісінің өзі қолқаны қабады, – дейді Жалпақтөбе ауылының тұрғыны Әзірет Мұсаев.

Тұрғындардың айтуынша, бар мәселе дәнді-дақылдарды өңдеумен айналысатын зауыттың жұмысы қайта жанданған соң басталған. 8 жыл тоқырауда тұрған өндіріс орнының құбырлары ескіріп, қоқыс қалдықтары мына үйлердің ауласын ластауда. Нәтижесінде 100-ге жуық тұрғынның бау-бақшасы жеуге мүлдем жарамсыз.

Зауытты қайта іске қосқанбыз, ескірген құбырдан өндіріс қалдықтары шығып кетіп отыр, бірақ бұл таза тыңайтқыш, аса бір зияндық туғызбайды. Сондай-ақ жұртшылық иіске шағымдануда, жағымсыз иіс бар. Біз оны бір апта ішінде құрғатып, тазартып кетіруге тырысамыз, – дейді кәсіпорынның бас директоры Сұлтан Махмадов.

Жағымсыз иіс пен лас судан зардап шеккен тұрғындар осыған дейін талай мекеменің табалдырығын тоздырып арызданған. Олардың мәселесінен Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары да хабардар. Алайда мекеме судың сапасын тексеріп сараптаудан бас тартты. Өйткені бұл шаралар тек ақылы түрде жүргізілетін көрінеді.

Мынау жаңадан қазылып жатқан скважина суының органалептикалық немесе физико-химиялық қасиеттерін анықтау үшін қажетті зертханалық зерттеулер жүргізілуі қажет,сол үшін де осы мына келіп түскен көптеген шағымдарға байланысты тұрғындар кез келген аккредиттелген зертханаға өтініш түсіре алады, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Махфуза Далилова.

Амалы таусылған халық қазір өз қалталарынан орталықтандырылған су құбырларына қосылып жатыр. Сондай-ақ «сараптама зерттеу жұмыстарын да алдағы уақытта жүргіземіз», — дейді. Енді зауыт басшысы орын алған олқылықты жөндесе, Жалпақтөбе тұрғындары таза ауамен кең тыныстап, құдықтың суын пайдалануға үмітті.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.