Әлжан ана атындағы музей ашылды

1 216

Еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қордай ауданында да ашылып жатқан нысандар аз емес. Солардың ішінен алғашқы болып Қасық ауылдық округінің Әлжан ана ауылындағы жаңа музейдің ашылу салтанаты өтті.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Болатбек Байтөле, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева және ауыл тұрғындары қатысты. Елордамыздың жиырма жылдығының мән-маңызына тоқталып, алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Қасық жерінде өмір сүріп, еңбегі сіңген, ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматтардың, Әлжан ана мен Елбасы Н.Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолына қатысты деректер мен заттар қойылатынын айтып өтті.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың ұйытқы болуымен аз ғана уақытта тұрғызылған музей құрылысының мердігері – «Аль-Аркаржан и К» ЖШС. Салтанатты жиын барысында аудан әкімі ғимарат құрылысын сапалы әрі белгіленген уақытта бітіріп, пайдалануға берген мердігер мекеме директоры Бақытжан Мырзамұратовқа алғысын білдірді. Ал осы ауыл тұрғыны, Елбасының бала күнгі досы, ауданның Құрметті азаматы Тұрғанбек Тұрысбаев ертеректе Әлжан ананың қолынан талай дәм татқанын айтып, ауыл тарихына аз-кем тоқталып, артынша аудан әкімімен бірге музей лентасын қиды. Жаңа мәдени нысан ішінде не қызық бар екен деп, ішке қаумалай енген жұртшылықты кіре берісте облыстың үздік экскурсоводы Әйніл Абдуалы күтіп алып, жәдігерлермен жеке жеке таныстырды.

Үлкен бір зал және шағын бөлмелерден тұратын музейде алдымен ауыл тарихына қатысты құжаттар мен фотосуреттер көшірмесі қойылған. Одан әріректегі бөлімде ауылдан шыққан белгілі азаматтар туралы мәліметтер топтастырылып, қазақтың зерлі шапаны мен кимешек, домбыра, бесік, қолдан жасалған торсық, астау, кесе сынды көптеген тұрмыстық бұйымдар өз орындарын тапқан. Ал төрге жаңа технология жемісі – сенсорлы дүңгіршек қойылса, оның оң жағындағы бұрыш Елбасы отбасына арналған. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлының анасы Әлжан ана осы ауылдың тумасы болғандықтан музейге барынша Президентіміз бен оның анасы жайлы құнды мәліметтер жинастыру көзделіпті.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.