Әлеуметтік қызметтер порталының пайдасы мол

705

Елімізде 2020 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған жүйесі іске қосылған болатын. Әлеуметтік қызметтер порталын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдар өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын құрады, онда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен мамандары электронды цифрлық қолтаңба алуға және оңалту жабдықтары мен қызметтерін таңдау құқығын жүзеге асыруға көмектеседі.

Осы орайда аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Үсембаев Болат Базарбайұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Болат Базарбайұлы, әлеуметтік қызмет порталы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсылыққа калай өзгертті?

— Мемлекет мүгедектігі бар тұлғаларға әлеуметтік тұрғыда жағдай жасауды басты міндет санайды. Жылдан-жылға қамқорлыққа зәру мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдау-көмектің аясы кеңейіп келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 мамырдағы №326 қаулысымен «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар» қабылданды. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, техникалық оңалту құралдарымен қамтуды жаңғырту, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосты.

— «Әлеуметтік қызметтер порталы» дегеніміз не?

— Әлеуметтік қызметтер порталы- бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын дербес сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе.

Портал оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақтылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер туралы ақпаратты, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтер алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беріп, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Ағымдағы жылы республика көлемінде жеке оңалту бағдарламалар мерзімі 2020 жылдан бастап тағайындалған мүмкіндігі шектеулі жандар қажетті 55 оңалтудың техникалық құралдарының 24 түрін порталға кіріп автоматты түрде тіркеліп, таңдап тапсырыс беріп алды. Қалған құралдардың 31 түрі, сонымен қатар жеке көмекшілер мен ымдау тілі маманының қызметтері, көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері 2021 жылдың қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталына ауысады.

— Мүмкіндігі шектеулі жандарға порталды қалай пайдалануға болады?

— Порталда қызмет алу үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балалардың ата-аналары Халыққа қызмет көрсету орталығынан электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кілттерін ашулары қажет. Аталған ЭЦҚ кілттері арқылы «Әлеуметтік қызметтер порталына» өздерінің дербес кірулеріне мүмкіндіктері болады. Қызмет алушылар порталды дербес немесе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің, ауылдық округ мамандарының көмегімен пайдалана алады.

— Ауданда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны қанша, олардың барлығы аталған порталға кіріп, тиісті көмек түрлеріне тапсырыс бере ала ма, қанша адам портал арқылы тиісті көмек түрлерін алды?

— Ауданда 1943 мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады, оның ішінде 1-ші топтағылар саны 124, 2-ші топтағылар саны 524, 3-топтағылар саны 682, 18 жасқа дейінгі мүгедек бала саны 230, зейнеткерлік жастағы мүгедектер саны-383. Портал арқылы тек медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің қорытындысымен тағайындалған жеке оңалту бағдарламасы бар тұлғалар тікелей тиісті оңалту құралдарына тапсырыс бере алады. Айта кететін жайт ауданда тұрып жатқан 1943 мүгедек жандардың 617-де жеке оңалту бағдарламасы бар. Яғни осы 607 адам бірінші кезекте тиісті көмек түрлеріне өтініштері бөлімде тіркеліп, порталға жіберілгеннен кейін, өздері (ЭЦҚ) бар кілттерімен порталға кіріп, автоматты түрде тіркеліп, оларға қандай көлемде тиесілі екенін көре алады – гигиеналық құралдар болсын, протез-ортопедиялық құралдар, кресло-арба, судо-тифлоқұралдар, санаториялық-курорттық емделу болсын және тағы басқа өз беттерімен бағасы және тауарлар мен қызметтердің сапасына сәйкес жеткізушілерді таңдап тапсырыс бере алады. 2020 жылы 40 адам 66 көмек түрлерін портал арқылы алды.

— Порталда оңалту құралдары мен қызметтердің ақысын кім төлейді?

— Техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтердің құнын арнайы құрылған комиссия тарапынан республика деңгейінде жыл сайын техникалық оңалту құралдары мен қызметтің әрбір түрі бойынша белгіленіп бекітілген кепілді сома шеңберінде мемлекет өтейді.

Егер де пайдаланушы қымбаттырақ құралды таңдап алғысы келген жағдайда мемлекет оған бекітілген кепілді соманы өтеп береді, ал айырмасын мүгедектігі бар тұлға өз қаражатынан төлейді.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлнара Байбосынова

Leave A Reply

Your email address will not be published.