«Отбасылық сот» пилоттық жобасының маңызы зор

575

Әр отбасы бір бөлек мемлекет. Ол мемлекетті сақтап қалу, қиыннан қиыстырып түзу жүру, сол мемлекеттің мүшелерінің міндеті. Алайда бүгінде тұрмыстық жағдайдың ауыртпалығына шыдай алмай, өзара келіспеушіліктердің нәтижесінде құрған шаңырақтардың тез қирауы орын алып отырғандығы баршаға аян. Кикілжің орын алып, бірін-бірі түсінбеушілік нәтижесінде екі жақ сотқа жүгінеді. Сотқа келген тараптарды ажырастыра салу, сот алдында тұрған басты мақсат емес. Ең бірінші сотқа жүгінген тараптарды татуластырып, бала-шағаны жетім емес, біртұтас отбасында тәрбиеленіп, әке мен ананың тәрбиесінде өсіру, яки құрған мемлекеттерін сақтап қалу – сот алдындағы мақсат. Бұл ретте ҚР Жоғарғы Сотының «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүзеге асырылып, кешенді шаралар өткізілуде.

Мәселен, тараптармен психологтар әңгімелесу жүргізеді. Олар әр отбасының ішкі жағдайларына үңіліп, келіспеушіліктерді жоюға ықпал етеді. Осы тәрізді шараларды сот судьялары да атқарып, нәтижесінде тараптар ортақ шешімге бірге келіп жатады. Әрине, әр отбасының ажырасу тарихы, себебі алуан қилы, келіп түскен талап арыздың себебі әр түрлі. Алайда жиі кездесетін жағдайлар, тұрмыстық жағдайының ауыртпалығы, тұлғааралық келіспеушіліктер және ішкі жағдайлар.

Ал, ажырасу баланың тұрғылықты жерін анықтау, әкелікті тану, алиментті белгілеу бойынша арыздар азаматтық соттардың таразылауымен шешімін тапты. Егер «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүзеге асар болса отбасы, жасөспірімдер құқығына, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктерге байланысты дау-дамайлар бір соттың құзырына беріліп, бір ортада шешіледі.

Пилоттық жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне ықпал ету. Бүгінде өркениетті елдердің біразында отбасылық соттар қызмет етеді және ол отбасыдан бастау алатын мейірімділік, ізгілік қасиеттерді сақтайды.

Отбасылық сот пилоттық жобасы қазір кейбір соттарда үлгі ретінде жұмыс істеуде. Алдағы уақытта мұндай соттарға отбасылық психологтарды, мықты медиаторларды, әлеуметтанушы-педагогтарды тарта отырып жұмыс істеу арқылы отбасындағы келіспеушілікті азайтып, некені сақтауға, сол арқылы балалардың ата-анасының жанында тәрбиеленуіне жол ашылар еді.

Д.Кадерқұлқызы, аудандық соттың судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.