Тараздағы жылу құбырларын жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады?

499

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында бірқатар жылу құбырлары жөндеуден өтіп, жаңғыртылуда. Құбырлардың қалыпқа келтірілуі жылыту маусымында тұрғындарды жылумен және тиісінше ыстық сумен кедергісіз қамтуға мүмкіндік берері анық. Ал оның сапалы әрі уақтылы жөндеуден өтуі қашанда маңызды. 
Тараз қаласындағы жылу жүйелерінің жартысынан көбі ескіріп, тозығы жеткен. Ал оларды жаңалаудың өзектілігі айтпаса да түсінікті. Осыған орай, 2020 жылға дейін облыс орталығындағы 12 шақырым құбыр жүйелерін кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 9,8 миллиард теңгені құрайды. Биыл бұл соманың 1 миллиард 780 миллион теңгесі игерілуде. Аталған қаражат есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылу тасымалдайтын үш шақырымдық құбырлар жүйесі жаңартылу үстінде. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы конкурстық тендер жарияланып, мердігерлер анықталған. Қазіргі таңда қаладағы үш аумақта жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, Абай даңғылы, Қойгелді-Ниетқалиев (М-2), Дулати — Комратов (М-4) көшелеріндегі қарбалас тірліктер соның нақты айғағындай. Жалпы жұмыстардың қарқыны қандай, мердігерлер тапсырысты белгіленген мерзімде аяқтай ала ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін аталған аумақтарға арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан едік.
Алдымен Абай даңғылына атбасын бұрдық. Мұнда барлығы 1170 метр құбыр желілерін жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Ол Дулати және Төле би көшелері аралығын қамтиды. Мердігер компания – «Арайстроймаркет-2003» ЖШС. Түс ауа барғанымызбен, жұмыстың нағыз қызған шағына тап келдік. Қарамағындағы жиырмадан астам жұмысшыға тапсырма беріп, жұмысты үйлестіріп жүрген бригадир Ерлан Маханбеталы бізбен бірқатар мәліметтерімен бөлісті.
– Дәл қазір негізінен ескі құбыр жүйелерін жаңасымен алмастырып, қайта құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 25 жұмысшы тер төгуде. Олардың бесеуі дәнекерлеуші мамандар. Жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылып отыр. Бұл іске компанияның 10 техникасы жұмылдырылған. Қауіпсіздік ережелерін де мұқият сақтаудамыз. Көріп отырғаныңыздай, қазындының екі шетіне арнайы белгілер орнатып, уақытша қоршаулар, өткелдер қойдық. Жоспардағы жұмыстың 70 пайызынан астамын аяқтап үлгердік, – деді ол.
Бүгінде Абай даңғылының Қазыбек би көшесімен қиылысар тұсына дейін қазылып, ескі құбырлар жаңаларымен ауыстырылған. Ендігі кезекте жұмыс Төле би даңғылына дейінгі аралықта жалғаспақ.
Ұзындығы 1100 метрді құрайтын Дулати және Комратов көшелеріндегі (М-4) құбыр жүйелерін жөндеу жұмыстары да жоспарға сай атқарылуда. Барлығы 31 жұмысшы, қажеттілігіне қарай он шақты техника тартылған. Олар өздеріне жүктелген жұмыстарды аяқтауға жақын. Дейтұрғанмен, мұндағы қауіпсіздік шаралары толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Өйткені тереңдігі екі-үш, ені төрт-бес метрден кем болмайтын қазынды тұрғындарға жүріп-тұруына кедергі келтірумен қатар, қауіп те тудыруда. Оның бір жағы талапқа сай қоршалғанымен, екінші қанатындағы арнайы белгі мен қоршау аз. Көшедегі ғимараттардың дені жер үйлер. Тұрғындардың, әсіресе, түн ішінде көшеге шығам деп, қазылған терең орды байқамай қалып, абайсызда жазым болмасына кім кепіл? Мердігер компания – «Techno Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары осы мәселеге жіті көңіл бөлсе дейміз.
Ал «КорпорацияЖил-СтройТараз» компаниясының Ниетқалиев-Қойгелді көшелеріндегі М-2 жылу магистралы бойында жүргізіп жатқан қазу және жөндеу жұмыстары кестеге сай екен. Онда 770 метрлік жылыту жүйелерін жаңалауға барлығы елуден астам жұмысшы, он шақты техника жұмылдырылған. Жұмыс басынан «Таразтранссэнерго» мекемесінің маманы Дәурен Базарбековті жолықтырдық. Ол күнбе-күнгі жұмыстың кестеге сай, сапалы жүзеге асырылуын ұдайы бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Жаңғырту жұмыстарымен қамтылып отырған үш аумақтағы жылыту жүйелерінің барлығы да «Таразтранссэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарайды. Жалпы қала бойынша бұл мекемеге тиесілі жылу жүйелерінің ұзындығы 188 шақырымды құрайды. Оның 39-ы магистральдық, ал 149-ы ішкі кварталдық құбырлар. Жалпы жылу жүйелерінің 68,6 пайызының тозығы жеткені анықталған. Арнайы хабарласып, осы жөнінде мәлімет сұрағанымызда, бізге аталмыш мекеме басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Жөгібаев мәселенің мән-жайын жан-жақты айтып берді.
– Барлық жұмыстардың алпыс-жетпіс пайызынан астамы аяқталды. Бекітілген жоспар бойынша инженерлік желілерді қайта жөндеу, күрделі және ағымдық қазу жұмыстары, ауа райы жағдайына байланысты жабдықтардың және құрылыстардың зақымдануын болдырмау, жөндеу жұмыстарынан кейінгі гидравликалық қысым, қысымнан кейінгі ақауларды қалпына келтіру шаралары алдын ала жоспарланған болатын. Жұмыс кестеге сай уақтылы орындалу үстінде. Жылумен жабдықтау жүйелерін іске қосу, гидравликалық және температуралық көрсеткіштердің есептік кестелері 1 қыркүйекке дейін әзірленетін болады. Яғни жаңа оқу жылы басталысымен тұтынушыларға ыстық су беруді көздеп отырмыз. Жылыту маусымы кестеге сәйкес он бесінші қазаннан басталмақ, – деген Жақсылық Мұхаметқалиұлы барлық жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес қыркүйек айына дейін аяқталатынын айтып берді.
Бұл жерде ескеретін бір жағдай бар. Ол құбырлардың жаңғыртылуынан соң қазылған қазындыларды жауып, тегістеу, жолдарды қайта қалпына келтіру шаралары. Әлбетте, кейінгі жылдары облыс орталығындағы осы секілді құбыр жөндеу жұмыстарынан кейін жолдардың ойдым-ойдым болып, кеспірсіз кейіпке енгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Соның салдарынан, тақтайдай тегіс жолдар ойылып, ой шұңқыры көбейе түсуде.
Ал жылыту жүйелерін жаңғыртудың ағымдық жұмыстары кезінде осындай олқылыққа бой алдырмау үшін не істеу керек? Біз барып көрген аумақтарда әзірге шұңқырларды жауып, жолдарды қалпына келтіру жұмыстары бастала қоймапты. Ал мердігер компанияның өкілдері жолды қайта қалпына келтіру ісі айрықша назарда ұсталатынын, оған қажетті техникаларының да жеткілікті екенін айтады. Әйтсе де, ертеңгі күні бармақ тістеп қалмас үшін, бұл іске жауапты азаматтар көшелерді қайта қалпына келтіру шараларының сапалы орындалуын қатаң бақылауға алса екен дейміз…

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.