Аудандарда жылыту маусымына даярлық күшейтілуде

737

Жаңатас қаласында Сарысу және Талас аудандары бойынша  жылу-энергетика кәсіпорындарының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік сала нысандарының 2018-2019 жылдардағы жылу  беру маусымына дайындық барысы туралы жылжымалы облыстық аймақтық Штаб отырысы өтті. Жиынға Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков және басқармалар мен отын-энергетика кешені  кәсіпорындарының  басшылары қатысты, – деп хабарлайды «AraiNews» ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары  Б.Орынбеков  Сарысу ауданындағы жұмыс сапарын аудан орталығындағы орталық қазандықтың жылу маусымына әзірлігін көруден бастады. Сондай-ақ, қаладағы С.Сейфуллин  атындағы орта мектебінің жылыту маусымына даярлығымен, Жаңатас қаласындағы кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатқан мердігер «СК Ретмо» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Б.Орынбеков  «Халықты жұмыспен қамту орталығында» болып, қажетті тапсырмаларын берді.

Сарысу және Талас аудандарының 2018-2019 жылдардағы жылу  беру маусымына дайындық барысы туралы жылжымалы облыстық штаб отырысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков жүргізді. Штаб төрағасы өз сөзінде:

– Бүгінгі өткізіліп отырған Штаб отырысының мақсаты – көмірмен қамту нысандарын, бюджеттік нысандарды,  орталықтандырылған жүйемен жылу алатын көпқабатты тұрғын үйлерді және барлық  инфрақұрылымдық желілерді жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындау.

Өздеріңізге белгілі, жылыту маусымында жылу,электр желілеріндегі ақаулар, ұзақ-қысқа мерзімді тоқтаулар, қазандықтардағы технологиялық ережелердің сақталмауы,  операторлардың жеткілікті білім дәрежесінің болмауы орын алып жатқаны белгілі.

Алдағы уақытта нысандарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге қатысты бюджеттік жобалардың, отын-энергетика кешені  кәсіпорындар мен жоспарланған жөндеу жұмыстарының, инвестициялық бағдарламалардың уақытылы орындалуын, кәсіпорындардың дебиторлық-кредиторлық берешектерінің жойылуын, көпқабатты тұрғын үйлердің жылу энергиясын қабылдауға толық қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселелер облыстық Штабтың тұрақты бақылауында және жоғарыда аталған қандай да бір кемшіліктер жіті назарға алынып, оларды орындамау нәтижесінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондықтан үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймын, – деді.

Сондай-ақ, облыстық Штаб отырысының барысында сөз алған Сарысу және Талас аудандары бойынша нысандардың жылыту маусымына дайындық барысы туралы  облыс әкімдігінің  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының орынбасары Қ.Қорғанбаев  Сарысу және Талас аудандарының жылыту маусымына даярлығының барысы туралы айта келіп, әлі де болса кемшіліктердің бар екеніне тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.

Одан кейін, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Б.Омарбек аудандағы нысандардың  жылыту маусымына  дайындық барысына тоқталды. Жылыту маусымының даярлығына байланысты кейбір айтылған ескертпелерді алдағы уақытта орындайтындығын атап өтті. Сондай-ақ,  Жаңатас қаласы қазандығының, жылу жүйелерінің дайындығы туралы «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнының директоры міндетін атқарушы Б.Жарқынбековтің есебі тыңдалып, талқыланды.

Талас ауданы әкімінің орынбасары С.Дадабаев аудан нысандарының дайындық барысы туралы айтып, алдағы уақытта жоғарыда айтылған сын-ескертпелерді  жоятындығына уәде берді.Сонымен қатар,  Қаратау қаласы қазандығының, жылу желілерінің дайындығы  туралы «Игілік» кәсіпорнының директоры Р.Сейдалиев алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Сарысу, Талас аудандары бойынша білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының  дайындығы туралы да  мекеме басшыларынан облыс әкімінің бірінші орынбасары  Б.Орынбеков жеке-жеке сұрап, нақты тапсырмалар берді.

Жылжымалы  Штаб отырысын  облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қорытындылай келе, Сарысу және Талас аудандарының 2018-2019 жылдардағы жылу  беру маусымына дайындықтарын күшейту  қажеттігін қатаң ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.