Балаларға шаттық сыйлады

682

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ЖД-158/2-мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Б. Байжигитовтың бастамасымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.

Шара аясында ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері пітір садақа есебінде қаражат жинап, Тараз қаласындағы Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ең қажетті спорттық костюмдер және  ойыншықтар сыйға тартты.

– Балалар үйіндегі жетім балаларға алғаш кіріп барғанымызда, олардың көз жанарынан қайғы, мұң көргендей болдық. Ал балаларға ойыншықтар, тәттілер және киім таратылып, маңдайларынан сипағаннан кейінгі сезім ерекше болды. Әр баланың жүздері жайнап, көздері күлімдеп, бізге рахметін айтып тұрғандай көрінді, – дейді мекеме қызметкерлері.

«Балалар – біздің болашағымыз, олар бақытты болса, біздің арманымыздың орындалғаны» – деп ағынан жарылған түзеу мекемесінің ұжымы қайырымдылық шарасын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда барын жеткізді.

 Гүльжан ИБРАИМОВА

Жамбыл облысы бойынша ЖД-158/2 мекемесі

аға инспектор-психологы, әділет аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.