Студенттік шағымның керемет естелігіне айналған- Жасыл ел

223

Студенттерді және Neet-жастарды жұмыспен қамтамасыз ететін Жасыл ел еңбек жасағында жұмыс жасадым. Күннің астында аула тазалап, шаршап жұмыс істеудің қажеті не дерсіз… Бірақ бұл жұмыс сонысымен қызық. Әр оқу орнынан жиналған қыз-жігіттермен танысып , достасудан басталады. Әр күннің бір қызығы бар. Бізге берілген 3 сағат уақытта жұмыс істеп те, ойнап та үлгереміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»- демекші , барлығымыз бізге берілген миссияны аз уақытта орындап қоятынбыз. Сосын әр түрлі ойын ойнап, жұмысымыз аяқталса да қайтқымыз келмейтін кездер де болған. Әр ортада ешқашан ешкіммен тіл табыса алмайтын адамдар болады. Оларға ештеңе қызықсыз. Ал, осындай көңілді ортаға кіре алсаң онда сен үшін әр сәт қызықты болады. Осылайша, 3 сағат уақыттың қалай өтіп кеткендігін білмей қалатынбыз.

Өзіңнің қоғамға пайдаңды тигізіп жатқаныңды сезіну ерекше сезім. Қыдырудан қолы тимейтін достарыңа қарап, оған қарағанда мен игі іс жасаудамын ғой деп ойланасың. Ауланы жинайтын, қаланың тазалығына жауапты кісілер бар. Байқасаңыздар сондай кісілердің көбісі қарт кісілер. Жасыл ел еңбек жасақтарында жұмыс жасаған кезде біз сол кісілерге көмектестік. Бір -екі сағат болса да , оларға көмектессең үлкен кісінің разылығын аласың. Жұмыстары жеңілдеп, қуанып қалады. Ал сен біріншіден үлкен кісіге көмектесесің, екіншіден, қаланың тазалығына өз үлесіңді қосасың..

Қазіргі студенттердің көп бөлігі бос уақыттарын құр өткізуде. Сонымен қатар, жұмыс жоқ, студенттерге жағдай жасалмаған деп шағымданатындары да бар. Дәл осы, еңбек жасағы жазғы демалыс айларында, студенттердің бос уақыттарында оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін құрылған. Бірақ мұны түсіне бермейтін студенттердің көптігі қынжылтады…

Қуаныш Айым Берікқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.