Үш жылда табиғи монополияларға қанша қаржы тартылғаны белгілі болды

391

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Заң жобасы бірқатар негізгі міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендіру. Екіншіден, табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерінің  тиімділігін, сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында олардың қызметін реттеудің жаңа ынталандыру әдісін енгізу. Үшіншіден, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту», — деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, қолданыстағы редакциядағы «Табиғи монополиялар туралы» Заң 1998 жылы қабылданған болатын. Жиырма жылдың ішінде Заңға 15 заңмен 200-ден астам түзетулер енгізілді. Осыған байланысты Заң жүйелілігін жоғалтты және сілтемелердің едәуір санынан тұрады, сондай-ақ қабылдауға ауыр.

Одан бөлек, бүгінгі күні табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, тарифтерді қалыптастыру және бекіту рәсімдері 79 заңға тәуелді актіде бекітілген. Заң жобасында сілтеу нормаларын азайту және барлық заңға тәуелді актілерді екі базалық құжатқа біріктіру көзделеді. 2015 жылдан бастап табиғи монополиялар саласына, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестицияларды тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

«Бұл табиғи монополиялар саласына 2021 жылға дейін 2,2 трлн теңге көлемінде инвестициялар, оның ішінде шамамен 1,3 трлн теңгені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда 1,02 трлн теңге сомаға инвестициялар, соның арасында  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 684 млрд теңге тартылды, олардың 98  пайызы толығымен бюджеттен тыс көздер есебінен қаржыландырылды. Одан басқа, жаңа тарифтік саясат шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының инвестициялары белсенді түрде тартылуда», — деді Т. Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 2 жылда халықаралық қаржы ұйымдарынан 19,6 млрд теңге тартылды. Бұл инфрақұрылымның тозу өсімін тоқтатып қана қоймай, теріс трендті өзгертуге мүмкіндік берді.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.