«Үлгілі жас отбасы» байқауы өтті

221

Отбасы — қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Елбасы «Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Осы орайда 10 қыркүйекте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Үлгілі жас отбасы» байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі өткізілді.

Байқау бір ай бұрын жарияланған болатын.

Байқаудың мақсаты – жас отбасының қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру.

Байқауға Жамбыл облысында тұратын 11 жас отбасы қатысты.

Байқау екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде қатысушылардың құжаттары мен 2 минуттан аспайтын «Отбасы болу өнері» бейнепрезентациясы қабылданды.

Екінші кезеңде отбасы мүшелерінің қатысуымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу, балаларды отбасында тәрбиелеу үшін ата-ананың жауапкершілігі, табиғатқа, жануарларға жауапты көзқарас, туған қаласын (ауылды) абаттандыру тақырыптарының кез келгеніне әлеуметтік ролик түсірілді.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы З.Тұрғынова, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Р.Нұрақбаев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожа сөз сөйлеп, қатысушыларға марапаттарын табыстады.

Байқау қорытындысы бойынша І орынмен Мұздыбаевтар (Жамбыл ауданы, 200 мың теңгенің сертификаты), ІІ орынмен Қарабаевтар (Қордай ауданы, 150 мың теңге), ІІІ орынмен Бауыржановтар (Шу ауданы, 100 мың теңге) отбасы марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.