Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу шаралары қаралды

628

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өспеуі үшін жасалып жатқан шаралар баяндалды.

Еліміздегі қалыптасқан жағдай туралы Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев пен ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7% аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айында инфляция 0,4%-ды құраса, жыл басынан бері 3,3% болды.  Жылдық инфляция 6,1%-дық көрсеткішті көрсетті.

«Өңірлер тұрғысынан алғанда бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалаларында байқалады. Артық көрсеткіш 0,1–0,8 аралығында болып отыр», — деді Р. Дәленов.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) 19 азық-түлік өнімі кіреді. Биылғы жылдың 9 айында осы тауарлардың бағасы 0,7%-ға өскен.

«Бағаларды талдау кезінде Астана, Қарағанды, Орал және Өскемен қалаларында 4 тауар бойынша, Павлодар және Шымкент қалаларында 3 тауар, Ақтау, Атырау, Қостанай, Петропавл, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда және Талдықорған қалаларында 2 тауар, ал Көкшетауда 1 өнім бойынша шектеулі бағалардың 15%-ға дейін асқаны анықталды. Шектеулі баға деңгейін асырмаған – тек Алматы қаласы», — деді Р. Дәленов.

Осылайша, ұлттық экономика бірінші вице-министрінің айтуынша, мұндай жағдайларда сауда қызметі саласындағы заңнама бірқатар шараларды қарастырады. Бұл — тұрақтандыру қорларының резервтерін пайдалану және шектік бағаны белгілеудегі сауда субъектілерімен өзара әрекеттесу.

«Жергілікті атқарушы органдар әкімдіктерде құрылған Комиссиялардың жұмысын жандандыруға, сондай-ақ бағалардың одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен үйлестіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Р. Дәленов.

Бұдан басқа, министрліктің деректері бойынша, қалған 3 айда белгіленген 5-7% аралығында инфляция деңгейін ұстап тұру үшін инфляцияның орташа айлық өсімі 1,2% -дан аспауы тиіс. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды іске асырып, бағаны бақылауды жалғастыруы керек.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев осы жылдың 9 айында инфляция белгіленген деліз деңгейінде сақталғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері өсім 3,3% құрайды. Қыркүйекте жылдық инфляция 6,1% құрады. Биыл Ұлттық банк тарапынан қосымша шараларды қабылдамай-ақ инфляция 5%-дан 7%-ға дейінгі мақсатты дәлізде сақталады деп болжап отырмыз», — деді ол.

Өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі мен нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

«Жалпы алғанда жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалады. Сонымен бірге, кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалады. Олар қарақұмық жармасы – 27,2%, картоп – 22,3% және пияз –16%-ға төмендеген», — деді А. Евниев.

Өңірлер тұрғысынан жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының ең жоғары өсуі Түркістан – 4,7%, Шымкент – 4,5%, Жезқазған – 3,7% қалаларында байқалды. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Семей қалаларында 1%-ға дейін бағалардың төмендеуі байқалады.

А. Евниевтің айтуынша, көкөніс өнімдерінің бағалары ауытқуының негізгі себебі өндірістің маусымдылығы болып табылады. Онымен қоса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың біртіндеп өсуі ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты. Одан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетулерге бағалардың өсуі әсер етеді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында нақты шаралар қабылдап жатыр. Өңірлерде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жүргізіледі. 2018 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 4,5 мың тоннаны, алмастыруға берілгендер және жауапты сақтауға берілгендер – 3,8 мың тоннаны құрады. Қолда бар 4,5 мың тоннаның – 2,16 мың тоннасы қант, 0,71 мың тоннасы – күнбағыс майы, 0,67 мың тоннасы – ұн, 0,577 мың тоннасы – қарақұмық жармасы және 0,354 мың тоннасы – макарон өнімдері», — деді А. Евниев.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ӘКК есеп-шоттарында 5,1 млрд теңге қаражат бар. Қантқа қатысты орын алған жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қолда бар қаражаттарды өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсауды ұсынды.

«Министрлік қант бағасын тұрақтандырудың жүйелік шарасы ретінде отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірлеп жатыр, онда егістік алаңдарын кеңейту, тұқым шаруашылығын дамыту және қант қызылшасының өнімділігін көбейту, қант қызылшасын өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жәрдемдесу, сондай-ақ, отандық қызылша шикізатынан қант өндіру зауыттарын салуды ынталандыру секілді шаралар қарастырылады», — деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Сондай-ақ, отырыс барысында өңірлердегі қазіргі жағдай мен бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов және Астана қ. әкімі Б. Сұлтанов баяндады.

Әлеуметтік мәні бары азық-түлік өнімдеріне шекті және шекті жол берілетін бөлшек бағаны бекіту функциясы жергілікті жерлерге берілген. Бұл маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру және орын алуы мүмкін алыпсатарлықты болдырмау бойынша шұғыл шараларды қабылдау үшін жасалған.

Баяндамашыларды тыңдаған соң Премьер-Министр кейбір өңірлердегі азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне назар аударды, олар орташа республикалық көрсеткіштен жоғары.

Жұмыс әлеуметтік мәні бар тауарлардың бағасын тұрақтандырумен ғана шектелмейді. Бұл сонымен қатар білім беру қызметі мен медициналық қызметтердің бағасына да қатысты.

Мәселені қарастыру қорытындысын шығара отырып, Бақытжан Сағынтаев халық үшін әлеуметтік мәні бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуі аса қиын тиетінін айтты. Азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне жол бермеу жауапкершілігі, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

«Жергілікті атқарушы органдар баға нарығын реттеу мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы тиіс. Яғни, сатып алуларды уақытылы жүргізіп, тауарларды жаңартуы, негізгі азық-түлік өнімдері басуы тиіс. Аталған жұмыстардың барлығы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы керек. Мониторингті күшейтіп, қажет болған жағдайда барлық ресурстарды жылдам іске қосуды тапсырамын», — деді Б. Сағынтаев.

primeminister.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.