Жолдар тазалануда

85
Толассыз жауған қалың қардың салдарынан аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар және елді мекен ішіндегі автомобиль жолдарында көлік қатынасының үзілмеуін және жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жұмыстардың атқарылуын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өзі аралап, «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық», «Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ» бағытындағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қардан тазалау жұмыстарының барысын қадағалауда.
Қазір аудан орталығы Сарыкемер ауылы мен ауыл, ауылдық округтерде тек көлік жүретін жолдарды қардан тазалау, мұздағын қырып алу ғана емес, сонымен қатар, жаяу адамдар жүретін жолдарды да тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Әрине жауған қар аязды күндердің әсерінен бірден қатып қиындық туғызуда. Дегенмен, жұмысшылар күрекпен, арнайы техникамен тазалап, аянбай еңбек етуде.
Аудан аумағында жалпы ұзындығы 315,07 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары және 421,1 шақырымды құрайтын 434 елді мекен көшелері бар. Қазіргі таңда, 49 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы жол және 134 шақырымды құрайтын облыстық маңыздағы жолдар толығымен тазаланса, 132,07 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы жолдар 91 пайызға, 421,1 шақырымды құрайтын елді мекен көшелері 65 пайызға тазаланды.
Аудан аумағындағы бюджеттік және әлеуметтік нысандардың 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауына алынған.

 

Байзақ ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.