ЖАЙЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІН ЖҮЙЕЛІ ШЕШУ – МАЛ ШАРУАШЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ КЕПІЛІ

290
Төрт түлігін түлеткен меркілік шопандар жазын жайлауда өткізген соң,  қыс мезгілінде құмды аумаққа қыстауға көшеді.

Осы орайда, қыстаққа қоныстанып болған құмды ауылдағы шопандардың жағдайы қандай, малшылар қыстың қысымынан қиналмай өтуге дайын ба, әлде қандай да бір қолдауға қажет пе?

Осыны назарға алған аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы салаларға жауапты басшылармен бірге құмды өлкеге арнайы іс-сапар жасады.

Қазіргі уақытта құмда 184 шаруа қожалыққа тиесілі  63 мыңнан аса ұсақ мал, 8 мыңнан аса ірі қара, сондай-ақ 1000-нан аса жылқы мен 128 бас түйе бар. Осыншама малды күтіп қарайтын 600-ден аса шопан бар.

Сондықтан шопандардың жалпы жағдайымен танысу, құмдағы малшыларға қолайлы орта қалыптастыру үшін жайылымдық жерлердің тиімді пайдаланылуы, жем-шөппен қамтамасыз етілуі, су мәселесі, құмға баратын жолдың жағдайы сынды мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыру – осы іс-сапардың басты мақсаты болды.

Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Жылыбұлақ» жауапкершілігі шектелуі серіктестігі биыл құмдағы жайлауға 22 мың бас Оңтүстік меринос қойын шығарған. Шаруашылықтың шопандары биыл 100 бас қойдан 115 бас төлден алған. Қыстақтағы қойлар көктем келіп, барлық ұсақ мал төлдетілген соң барып, таудағы жайылымға қарай қайта шығарылатын болады. Шаруашылық басшыларының айтуынша, қора-жай мен қажетті жем-шөп жиналған. Эпизоотиялық жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында малдарға тиісті вакциналардың барлығы егілген. Сондай-ақ малшыларға қажетті азық-түлік және қатты отын қоры жеткізіліп берілген.

Құмдағы мәселелерді шешуде шопандардың пікірін ескерген аудан әкімі малшылармен тілдесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Басшылары тарапынан барлық жағдай жасалғанын жеткізген шаруалар, құмдағы елді мекенге жедел жәрдемінің қажеттігіне сұраныс білдірді. Бұл мәселе жоспарға енгізілгенін айтқан аудан басшысы Тәтті ауылынан бастап, Меркі ауданына қарасты құмды аумақтың аяқталатын пункті – Сарығобаға дейінгі 86 шақырым жолға тас төселіп, жөндеуден өткізілетінін жеткізді.

Аталған жол жөнделген соң құмды ауылға жем-шөп жеткізу, малдар мен техникаларды тасымалдау, тіпті өндірілген өнімдерді де орталыққа жеткізу мәселесі шешіледі және тұрғындардың білдірген өтініші – жедел жәрдем қызметіне қол жетімділік те қамтамасыз етіледі.

Осы орайда, арнайы сапарға бірге шыққан жедел жәрдем қызметкерлері тарапынан малшылардың денсаулық жағдайы тексеріліп, алғашқы медициналық көмекке қажетті рецептсіз тағайындалатын  дәрі-дәрмектер берілді.

Құмға қоныс тепкен тағы бір шаруашылық «МерАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда қазіргі уақытта 229 бас асыл тұқымды мүйізді  ірі қара күтіп ұсталуда, оның 212-сі аналық болып табылады. Шаруашылық басшысы өткен жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алып, асыл тұқымды ірі қараларды Ресейдің Алтай өлкесінен алып келген. Ол, 2026 жылға дейін ет бағытындағы аналық бастарды 1000-ға жеткізіп, асыл тұқымды репродукторлық шаруашылық құруды жоспарлап отырғанын айтады.

Сонымен қатар «МерАгро» басшылығы бірнеше шаруашылықтың басын біріктіріп, өндірістік кооператив құруды қолға алған. Ондағы мақсат – шағын шаруашылықтарға техника, тұқым  және жем-шөппен қолдау көрсетіп, жалпы өнім көлемін арттыру. Сондай-ақ, құрама жем дайындайтын комбинат салуды да жоспарлап жатқан шаруашылық басшысы қазіргі уақытта 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын, жоспар бойынша межелі уақытта тағы 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделгенін жеткізді.

Құмдағы бірқатар шаруашылық басшыларымен кездескен аудан әкімі алдымен жұмысшыларға жағдай жасалу керектігін айтып, олардың құқықтарын және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету мақсатында еңбек шарттарын жасасып, электронды базаға енгізу қажеттігін тапсырды.

Мал шаруашлығын дамытуда жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану өте маңызды болып табылады. Осы орайда аудан басшысы жайылым мәселесін шешу үшін құмдағы жайылымдық жерлерді ұтымды ұйымдастыру қажеттігін айтады. Өйткені, ауыл маңындағы жерлер тұрғындардың ортақ пайдалануына берілгенмен, бұл – мәселені түпкілікті шешпейді. Сондықтан аудан әкімінің тапсырмасымен құмдағы жайылымның қаншалықты тиімді пайдаланып жатқаны зерделенуде.

Жалпы Меркі ауданына қарасты мемлекеттік орман қорына тиесілі таулы аймақта 102 мың гектар, құмды өлкеде 335 мың гектардан аса жер бар. Оның 114 мыңға жуығы (тауда – 62910 га, құмда – 50972 га)  жайылымдық мақсатта пайдалануға болатын жерлер.

Егер, ауыл тұрғындары бірігіп, малдарын жазда – таудағы, қыста –құмдағы жайылымға шығаратын болса, бұл, біріншіден, жайылым мәселесін шешсе,  екіншіден, халқымыздың ежелгі мал бағу мен өсіру жүйесі де қайта жаңғыратыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын дамытудың тұрақты кепілі болмақ

Қазыбек КАМАЛ, Меркі ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.