«Жасыл ел» еңбек маусымын бастады

177

Өңірімізде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 2005 жылдан бері табысты түрде жүзеге асырылып келеді. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының орны ерекше. Жасыл елдік жауынгерлер бұлақ көздерін ашып, қала көшелеріндегі тазалық жұмыстарымен айналысады. Биылғы маусымдық жұмыстың ашылу салтанаты Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында өтті. Жасыл елдіктердің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдіруге облыс әкімінің орынбасары Д.Кәрібек келді.

Осы жылғы «Жасыл ел» еңбек жасағына 53,4 млн теңге бөлініп, 985 жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылады. Ал бүгінгі күнге 308 жас жұмыс жасауда. Олардың айлық көрсеткіші биыл 60 000 теңгені құрап отыр, бұл былтырғы айлық көрсеткішпен салыстырғанда көтерілген.

Өткен жылғы «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында 1451 жас 42 500 теңге көлемінде айлық есептерін алып қызмет етсе, студенттік еңбек құрылыс жасақтарына 84 студент құрылыс жұмыстарына араласқан еді.

Ермек Мейіржан, Жамбыл Облыстық «Jasyl el» еңбек жасағының төрағасы:

«Мемлекет тарапынан жастар үшін жасалып жатқан оң істер аз емес. Және бұндай іс-шаралар бізді, яғни жастарды қуантады. Ал «Жасыл ел» жазғы маусымдық жұмыс болғандықтан, студенттергі тіпті ыңғайлы деп есептеймін. Себебі, 3 айлық демалысымызды текке өткізбей, туған қаламызды тазарту арқылы айлық алып отыру әрбір студентке таптырмас мүмкіндік деп айтар едім. «Жасыл елдің» құрамында қызмет атқарып жүріп республикалық «Үздік командир-2020» номинациясын жеңіп алдым. Бұл үлкен жетістікке бастар кішігірім баспалдақ деп білемін»

Еркін Инабат: «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жауынгері:

«Мен «Жасыл елде» биыл алғаш рет жұмыс істегелі жатырмын. Бұл жақтағы атмосфера маған бір дегеннен-ақ ұнады. Біз тек тазарту жұмыстарымен айналысып қана қоймай, түрлі ойындар ойнап, уақытымызды тиімді өткіземіз. Мен жаңа ортаға түсіп, достар тапқаныма қуаныштымын»

Бұл жоба республиканың жас азаматтарының тек қана елдің көгалдануына ғана емес, оған қоса біздің ортақ шаңырағымыз — Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа буынын тәрбиелеуді мақсат тұтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.