Жастарға жеңілдікпен берілетін шағын несиенің шарттары белгілі болды

105

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Астана филиалы директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Олжас Баймаханов жас кәсіпкерлерге кредит беру талаптарын түсіндірді деп хабарлады turkystan.kz.

Жастарды несиелеу бағдарламасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылады.

Аграрлық несие корпорациясы жастарға шағын несие беру бағдарламасы аясында сенім білдірілген өкіл-агент ретінде құжат қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүргізу, қарыз алушыдан төлем қабылдау және мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру үшін жауапты.

Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.

Несие сомасы – 5 млн теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Несие мерзімі – мал шаруашылығын дамытуға арналса – 7 жыл, бизнестің басқа да бағыттары үшін – 5 жылға дейін беріледі.

«Негізі борыш пен сыйақы өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы арнайы техника және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушілер басқа туыстары өз кепілдерін бере алады», – деді О. Баймаханов Астана Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өтінім қабылдау 6 наурызда басталды, құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарына тапсыру қажет. Филиалдардың негізгі мекенжайлары – agrocredit.kz сайтында орналасқан.

Қажетті құжаттар тізімі: жеке басын куәландыратын құжат, жоба бойынша бизнес жоспар, қызмет көрсететін банктен шоты бар екенін растайтын анықтамалар, қаржы ұйымдарынан несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар, қатысушының/үміткердің жалақысы немесе өзге де табыстарын растайтын құжат және жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме, кепіл мүлікті бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Бұл ретте жылжымайтын мүлікті, оның ішінде тұрақты тұрғын үйлерді сатып алуға, жер учаскелерін сатып алуға, бағалық қағаздарды сатып алуға және қаруды, құрамында есірткі заттары бар тауарларды, ойын бизнесін ұйымдастыруды, ҚР заңнамасына қайшы келетін және темекі немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға несие берілмейді.

Шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды. Оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері кіреді.

Үміткерлер өздерінің бизнес жоспарын, комиссия отырысында көрсетеді. Комиссия бизнес жоспарларды бағалап, үздіктерін іріктейді. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы тиіс.

Осылайша, биыл елордада 562 жас кәсіпкерге 2,8 млрд теңге бөлі қарастырылып отыр.

https://turkystan.kz/article/218241-zhastarga-zhenildikpen-beriletin-shagyn-nesienin-sharttary-belgili-boldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.