Рухани дүниені өгейсініп, ар-намыс, адамгершілік пен иман, үміт пен сенім секілді кіршіксіз сезімдерді өзекке теуіп, материалдық құндылықтарды өзімсінген нарық заманы қолдан келсе қонышынан басып, жаратылыс заңынан тыс жасанды бала жасауға да икемделіп үлгерді. Жатырын жалға берген жас аналар мен бала сүю бақыты бұйырмаған бақытсыз отбасыларға жалған жұбаныш сыйлаған бұл әрекеттің белең алғаны соншалық, естіген құлаққа түрпідей тиетін жаға ұстатарлық жайтқа қазір таңданбайтын болдық. Себебі, үрейлі жағдайға етіміз үйреніп кетті. Тараз топырағына арнайы ат басын бұрып келген астаналық «Жастар театры» тұсауын кескен жазушы-драматург Болат Бекжановтың «Өмір» драмасының премьерасы осы жанайқайды жан-жақты сомдап, шынайы шеберлікпен жеткізді.
Қойылым соңғы жылдары елімізде ақша үшін арынан аттап, суррогат ана болуға ниетті қыз-келіншектердің көбейгендігін арқау еткен. Айта кету керек, бұл туынды осыдан бірер жыл бұрын облыстық қазақ драма театрының сахнасында Мәлік Ақүрпековтің режиссерлігімен сахналанды. Ал, елорданың 20 жылдық мерейтойына орай Тараз шаһарына гастрольдік сапармен арнайы келген астаналық «Жастар театры», қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай бұл драманы бұрын-соңды ел естіп, көз көрмеген шынайылықпен орындап, шығарма авторының да, қалың көпшіліктің де үлкен ықыласына бөленді. Ең алдымен сахнаның безендірілуі театр залына бас сұққан әрбір көрерменнің бірден назарын аударып әкетті. Түрлі-түсті жарықпен үйлесімін тапқан аяулы әйел тағдырының кіршіксіз арындай ақ түсті шымылдықтар, сахнаның екі шеті мен ортасындағы орындық және қақ ортада ерлі-зайыптылардың төсегі… Бұл драманың бас кейіпкерлері Өмір мен Айна. Сырт көзге сын бермейтін бақуатты да дәулетті, жұбы жарасқан жанұя. Алайда, олардың қасіреті бір. Тек Аллаға һәм өздеріне ғана аян перзент сүю бақыты. Ол бақыт бұл екі бейбаққа бұйырмаған. Олай дейтініміз Айна бедеу. Құрсағына қолдап «құлып» салған оның жандүниесімен Өмірдің таным-түйсігі мүлдем бөлек. Тағдырдың мәні ақша, байлық деп қана ұғатын Айна жас күнінде байдың балаларымен әуейі болып, ақыры солардың бірінен некеге тұрмай жатып жүкті болып қалған. Содан баланы алдырып тастаған. Ақыры соңында бедеулікке ұшыраған. Қазір ол аз ғана айлықты қанағат қылған қарапайым орта мектептегі музыка пәнінің мұғалімі Өмірмен ақ некеде. Ерлі-зайыптылардың күйзеліске күрмелген тағдыры, ұрыс-керіске толы отбасылық өмірі екеуін де әбден жалықтырған. Сол себепті, екеуі психолог-дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Ер намысын езіп үйренген паң, тәкаппар Айна ақыры Өмірді осы қадамға көндіреді де. Алайда, олардың тағдырына араласқан дәрігер, Сана есімді бойжеткен Өмірдің жастық шақтағы қосылмаған махаббаты болып шығады. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп Абай айтқандай, екеуі бір-бірін көрген сәтте үнсіз тебіреніп, баяғы бал күндерін есіне алады. Сол сәтте енді ғана жоғары оқуға түскен бойжеткен Сананың рөлін Қаламқас Мелисова мен бозбала Өмірдің кейпін Шыңғыс Жақыпбай шеберлікпен ойнап шықты. Сана сол кезде ауылына демалысқа кеткенде Өмірдің үйленіп кеткенін естіген екен. Ал, Өмір Сананы ауылына шығарып салып, анасының ауыр халде жатқаны жөнінде суыт хабар естіген. Сол тұста оның қазіргі әйелі Айна көмек қолын созып, сыйлы ағасына хабарласып, Өмірдің анасына жәрдем беріп, осылайша екеуі шаңырақ құрған. Бірақ, Өмір бұл шаңырақтың астында отағасы емес, құлдың күйін кешіп жүргенін өзі де сезеді. Оны Айнаның өктем сөйлеп, күйеуінің ақыл-ой, өнері мен өжет мінезін емес, айлық табысының аздығын табалаған сөздерінен-ақ аңғару қиын емес.
Сана бақытсыз ерлі-зайыптыларға сәбилі болудың бірнеше жолдарын ұсынады. Жақын туыстарының перзентін келісім арқылы иемдену, жетімдер үйінен бала асырап алу немесе жасанды жолмен ұрықтандыру… Бұл ұсыныстардың барлығы Өмірдің шымбайына батады. Себебі, оның ешкімі жоқ. Ал, Айнаның жалғыз қалталы ағасының жалғыз ғана қызы бар. Жетімдер үйінен асырап алған бала ертең қанына тартып қаныпезер болып кетпейтініне де күмәнмен қарайды. Жасанды ұрықтандыру арқылы өзін бала күнде ауылда қолдап қойларды ұрықтандырған тәрізді малға теңеп, махаббатсыз туылған сәбиге әке болуға мәжбүрлеп отырған әйеліне Өмір қатты налиды. Ерлі-зайыптылардың бұл дәрменсіз диалогы отбасының шаңырағын шайқалтып, керегесін күйретіп жібергендей. Ақыры Сана ең соңғы ұсыныс ретінде табиғи жолмен, бірақ басқа әйелмен төсектес болу арқылы ата-ана атану ұсынысын айтады. «Жетімдер үйінен біреудің баласын асырап алғанша, өз күйеуіңіздің ұрпағын бағып-қағып, тәрбиелегеніңіз артық емес пе?» деген Сананың кеңесіне Айна саналы түрде келісімін береді. Ақыры олардың отбасына Арда есімді әлі он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен келіп, Өмір екеуі оңаша қалады. Арда Өмірге бұрын-соңды еркек атаулымен жақын болмағанын, тым болмаса бір күнге некеге тұрып, уақытша болса да өзінің болашақ аналық арының алдында ерлі-зайыптылар секілді сезінуді өтінеді. Өмір қанша жерден қарсы шыққанымен Арданың бұл әрекетке мәжбүрлікпен барғанын, анасының науқас екенін, соны емдетуге қаражатқа мұқтаждықтан келіп, шарасыздықтан шаранасын сатуға келісімін бергенін естігенде бүкіл ой-санасы өзгеріп, өзімен тағдырлас, мұңы мен зары бір Ардамен бірге бір күндік емес, өмірлік некеге тұруға бел шешеді. Ол солай жасайды да. Екеуі сахна төріндегі ерлі-зайыптылардың ақ төсегін екі жақтан мықтап ұстап, шымылдықтың арғы жағына сүйреп алып кетеді. Ал, осы күнге дейін тағдырдың әрбір кедергісі ақшамен ғана шешіледі, қажет болса күйеудің көмегінсіз-ақ қаражаттың құдіретімен ана бола аламын деп ұғып келген Айнаның мақсаты күлге айналады. Соңында жападан жалғыз қалып, қызғаныштың отына өртеніп, өзінің қателескенін түсінеді.
Осының барлығын «Жастар театрының» 6-ақ актері жер-жебіріне жеткізіп, шебер ойнап шықты. Шымылдық жабылып, қайта ашылғанша қарасы қалың халық тікесінен тік тұрып қошемет көрсетті. Ортаға шыққан қойылымның қоюшы-режиссері Нұрқанат Жақыпбай мен автор Болат Бекжановқа деген көрерменнің ризашылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Мен бүгінгі таңда қалам көтеріп жүрген қазақ драматургтерінің барлығын оқыған адаммын. Бірақ, ешқайсысы көңілге қона бермейді. Себебі, кейбіреулері қиялға ерік беріп, өтірік, болмаған дүниелерді жазып жатады. Ал, Болат Бекжановтың осы туындысын оқығанымда, ол бірден менің жүрегіме әсер етті. Сол себепті, осы туындыны сахналауға ниет еттік. Астанадағы өз театрымызда қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан Елордада ойнай алмадық. Есесіне автордың өз туған жерінде, Тараз топырағында тұсауын кестік. Мен Болат Бекжановтай авторды тапқаныма қуаныштымын» деді режиссер Нұрқанат Жақыпбай. Қойылым соңында сөз тізгіндеген жазушы-драматург, биыл алпыс жастың асқарына шығып отырған облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов өзін де, көрерменді де теңіздей тебірентіп, толғандырып ойнаған жас актерлерге, сілтідей тынып, әсермен тамашалаған көпшілікке алғыс айтып, режиссердің иығына шапан жапты.