«Taraz – Аspara fashion week» халықаралық сән апталығына 19 мемлекеттің өкілі қатысуда

747

Тотыдай таранған Тараз қаласында талайды тамсандырар тарихи орындар жетерлік. Бұл өз кезегінде ішкі туризмді дамытуға таптырмас мүмкіндік. Осы орайда, облыс әкімдігінің туризм басқармасы тың бастамалар көтеріп, жарқын жобаларды жүзеге асыруда. Сондай ауқымды шараның бірі «Taraz – Аspara fashion week» халықаралық сән апталығы десек артық айтқандық емес.

Тұмса табиғаты таңдай қақтырып, мөлдір көзді сұлулары ақындардың жырына арқау болған Тараздың төрінде өткізілген сән апталығының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова қатысты.
– Халықаралық деңгейдегі айтулы шараның Әулиеата топырағында өткізілуі тарихтың темірқазығы іспеттес Тараздың құнын арттыра түссе керек. Бұл өңірде Қазақ хандығы құрылды. Бұл дала Қарахан баба мен Айша бибінің риясыз махаббатына куә. Бұл өлкеден әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолы өткен. Міне, бүгін тағы бір мәрте барша жұрттың назарын аударған сәнгерлердің халықаралық шарасына сәттілік тілеймін, – деді Гүлшара Наушақызы.
Ал, Өзбекстан Республикасының әйелдер комитеті төрағасының орынбасары Мүкарам Нұрматова:
– Ежелден бауырмалдығымен, меймандос пейілімен танылған қазақ жері небір таланттарды тудырған мекен. Міне, бүгін көне Таразға келіп, жаңа заманға лайық жасанған келбетін көріп, сүйсініп тұрмыз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген сәнгерлердің басын қосқан істің жұмысы табысты болсын! – деп ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, шараға «Сербия сән апталығының» президенті Светлана Хорват, «Германия сән апталығының» президенті Катарзина Стеванов, «Милан сән апталығының» президенті Марианна Мишели, американдық «FNL Network» телеарнасының директоры Rokko Leo Gaglioti, «Болгария мисі» байқауының жеңімпазы Вероника Стеванова және тағы да басқа сән әлемінің жұлдыздары қатысуда.
Салтанатты сәтте облыс әкімі Асқар Мырзахметов аймаққа арнайы келген мәртебелі меймандарға жамбылдықтардың атынан алғысын білдірді.
– Әулиеата – мәдениет пен тарихи жәдігерлерге бай өңір. Қазақ халқымен бірге татулықта өмір сүріп отырған көптеген ұлт өкілдеріне құтты қоныс болған Жамбыл жері тамылжыған табиғатымен, ертеден қалған мұраларымен қызықтырары сөзсіз. Осы орайда, тасқа жазылған тарихымызды түгендеу мен қасиетті орындарды әлем назарына ұсынуды қолға алудамыз. Енді міне, 19 мемлекеттің сән әлеміндегі саңлақтары жиналған үлкен шара шымылдығын түрді. Сән саласына өзіндік қолтаңбасын қосып жүрген тараздық Айдархан Қалиевтің халықаралық деңгейдегі абыройы – жерлестеріне мақтаныш. Жаңа серпін алған іске сәттілік тілейміз, – деді Асқар Исабекұлы.
Ерен еңбегімен елге есімі танылған дизайнер Айдархан Қалиев басқаратын «Асыл дизайн» сән үйінің сұлулары «Тараз періштелері» атты күзгі, көктемгі сән үлгілерін сахнаға алып шықты. Жаңа топтама жөнінде сәнгер Айдархан Қалиев:
– «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп Фирдоуси жырлап кеткендей, біздің тарихи қала сұлулықтың да символы секілді. Міне, біз осыны негізге ала отырып, көрген жан сүйсінердей сәнді киімдер дайындадық. Біздің ұғымымызда періште көктен түседі және ол кез келген жанға байқала бермейді. Сондықтан, біз негізінен ақ түсті алдық. Биылғы маусымға осы түсті лайықты санадық. Оның бетіне ұлттық нақышымызбен түрлі ою-өрнектер салдық. Оларды қызыл, жасыл, сары секілді нәзік түстермен әрледік. Сұлулыққа сұқ көз көп болатындықтан, біздің халық жауһарын жұрт назарынан жасырын ұстаған. Сол себепті, бетті жылтырақтармен безендірілген жұқа шифон матамен жартылай жаптық. Бұл бір жағынан шығыс аруларының құпия сұлулығының да белгісі. Мәселен, біз үшін өз ұлттық киімімізді американдық немесе француздық келіп жасамайды. Өзіміз тігеміз. Сондықтан, барынша ұлттық нақышты, кешегі өткен тарихымыздың белгілерін салуға тырыстық.
Өзім төрт жылдан бері Еуропада нео-фольклорлық үлгіде сән топтамаларын ұсынып жүрмін. Киім үлгісі де халықтың мәдениеті. Өзіндік үлгімізді әлем елдеріне танытуда біз әлі де жұмыс істей береміз. Осы сән апталығының соңында қатысқан мемлекеттердің киім-кешектері сынға салынып, байқау өткізіледі. Сол байқауда жеңімпаз атанғаны өз еліне шақырып, осындай шара ұйымдастыратын болды, – деді.
Сұлулыққа сүйсіне, айрықша қошемет көрсеткен мейманның бірі ресейлік Дима Бабушкин.
– Фотограф ретінде Айдархан Қалиевтің есімімен, еңбегімен көптен таныспын. Біз ресейліктер қазақ халқының ұлттық дизайнының өзіне ғана тән айрықша бояуына тәнтіміз. Қазақ ұлтында киім үлгісі болсын, тұрмыстық бұйымдарында да, тіпті, ат әбзелдеріне де ашық-жарқын реңкті жақсы қолданады. Түстер бір-бірімен ерекше үйлесім табады. Сірә, бұл халықтың дархан пейілін байқатса керек. Осы сән фестиваліне жан-жақтан келген меймандарға да сондай қолайлы атмосфера қалыптастырған Тараз жұртшылығына шексіз алғыс айтамын, – дейді Д.Бабушкин.
Айта кету керек, халықаралық сән апталығы 5 күнге созылады. Аталмыш шара барысында Италия, Үндістан, Голландия, Қытай, Франция, Ресей сынды барлығы
19 мемлекеттен келген сәнгерлер өзара бақ сынасып, байқауға түседі.
Сондай-ақ, сән апталығы аясында аймаққа келген туристерге «Төрткүл» керуен сарайы кешенінде жасалған «Қазақ ауылы» этно жобасы таныстырылды. Онда қазақ музыкалық және театр өнерінің фестивальдары, қолөнерші­лердің шеберлік сыныптары, ұлттық тағамдар, қолөнер және көркем өнер көрмелері, этникалық музыкалық фестивальдар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. «Дәстүрлі аң аулау түрлері», «Ұлттық ойындар мен ойын-сауық», «Ұлттық тағам», «Қазақ музыкалық-театр өнері», «Қолөнершілер» секторлары келуші меймандарға қазақ халқының өзіне тән ерекшеліктерін көрсетті.
Ал, кеше «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Дәмді Taraz food tourism – 2018» көрмесі өткізілді. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрменің ашылуында облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шарада жас ұрпаққа тәлім беру мақсатымен қазақ салтындағы «Табақ тарту» рәсімі бойынша шеберлік сыныбы өткізіліп, бармағынан бал тамған аспаздар өзара тәжірибе алмасты.
«Көне Тараз» тарихи-археологиялық кешенінде өткізілген тағамдар фестиваліне келуші халық көрмеде ұсынылған алуан астан дәм татып, дауыс берді. Тұтынушылардың жоғары бағасын алған аспаздар сый-сияпаттармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.