ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ

156
Аудан орталығы Мойынқұм ауылының көшелерінен соңғы уақыттарда көзге жағымды дүниелер байқалады. Мысалы жарқыраған жол белгілері, жол бетіндегі жолақтар, тазартылып жатқан белгіленбеген қоқыс орындары, безендіріліп жатқан аялдамалар, орталық алаңда желбіреп тұрған Ту сияқты игі істерді әркім байқап жүрген шығар.
Осы көріністердің орындалуынан да хабардар болайын деп ауыл әкімдігіне барып, ауылымыздың жаңа, жас әкімі Рүстем Тұрарқұлмен тілдесіп қайттым.
— Рүстем Бәкенұлы жері кең, аудан орталығындағы ауылды басқару оңай шаруа емес. Осының бәрін біле тұра әкімдікке кандидат болу туралы шешімге қалай келдіңіз.
— Мен ауыл көшелерімен өтіп бара жатып атқарылып жатқан әрбір іске мән беріп, егер осыны мен істесем «былай» жасайтын едім деген ойға салатынмын. Сол оймен жүргенде ауылымыздың әкімі лауазымы бос қалып, сайлау ұйымдастырылды. Сол сайлауда туған жеріме еңбегімді сіңірсем, деген оймен өзімнің кандидатурамды ұсынып, ауылдастарымның қолдауының арқасында әкім болып сайландым.
— Ауылда атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтсеңіз.
— Ауыл көшелерінің бойына қойылып жатқан жол белгілері, төселіп жатқан асфальттар, жол бетіне салынып жатқан жолақтар мен сайланғанға дейін әлдеқайда басталып кеткен жұмыстар. Асфальт төсеу жұмыстарының аяқталуынан кейін аудандық бюджеттен қарастырылған 2987000 теңгені игеріп, көшелердің бойына жолақтар мен жол белгілерін орнату жұмысын жүргіздік.
Бұрыннан бері әр жерден көзге түсіп жүретін белгіленбеген қоқыс төгу орындарын тазарту үшін олардың санын анықтадық, ауыл төңірегінде осындай белгіленбеген 50-ге жуық қоқыс төгу орындары анықталып, арнайы қоқыс төгу орнына тасымалданды, жалпы ауылдың кіре берісінен бастап Радай көпірі, ауылдың батысынан кіре беріс жағындағы «Қараағаш» аталып кеткен аумақтан 4500 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Орталық алаңдағы тудың ұштығы шар тәрізді формаға ауыстырылып, жаңа ту орнатылды. Бұрын ұштығының үшкірлігінен жел тұрған сайын жыртылып қалатын еді.
Ауыл жастарының демеушілігімен аялдамаларға тарихи тұлғалардың өсиет сөздері мен суреттері бейнеленіп, безендіру жұмыстары жүргізілді. Осы істің басында жүрген «Мүбәрак» қайырымдылық қорының жетекшісі, белсенді жас Жомарт Мырзабектің де еңбегін атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар волонтерлер көмегімен ауылдың жалғызбасты қарияларына көмек қолын ұсынып тұрамыз.
— Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпартыңызға рақмет, алдағы уақытта да атқарылар игі істеріңіз көп болсын, алда атқарылатын жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі ақпаратыңызды газетіміздің беттерінен көреміз деп сенемін.

 

Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы».

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.