АЛТЫН КҮЗ

101
Бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында «Алтын күз» тақырыбында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Баршамызға белгілі, күз маусымында Жер ананың адам баласына ұсынар мол ырыс-несібесі диқандардың таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек етуінің арқасында қамбаға құйылады. Сондықтан да астық пісіп, оны шашпай-төкпей жинап алу ісі дәл осы күз айларында жүзеге асырылатындықтан, осы маусымға халқымыз «Алтын күз» деп айдар таққан.
Аудан орталығындағы Аула клубы мекемесінде «Күз ханзадасы мен күз ханшайымы» атты мерекелік байқау өтті.
Онда байқауға қатысушылар «Кел танысайық», «Өз өнерін көрсету», «Қас-қағым сәт», «Күзгі сән үлгісі», «Күз сыйы», «Күзгі дастархан мәзірі» атты кезеңдер бойынша сынға түсті.
Байқаудың ашылуында сөз алған мектеп директорының орынбасары Алтын Алишева оқушыларды айтулы мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
Оқушылардың ұйымшылдығын, қызығушылығын арттырып, ой-өрісін кеңейту, табиғат сұлулығын сезіне білуге, оны аялай білуге тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға мектеп директорының орынбасары Алтын Алишева, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Меруерт Сұлтанова және осы жолдардың авторы әділқазылық етіп, әділ бағасын берді.
Нәтижесінде Ұлту Құдайберген «Күз ханшайымы», Жансерік Жұмағали «Күз ханзадасы» атанып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. I орынды Інжу Кеңесбай мен Әділжан Құдайберген, II орын Ғанижамал Елеусіз, III орынды Медина Серікпек иеленді. «Өнерлі жігіт» номинациясымен Нұргелді Нұрланұлы, «Биші қыз» номинациясымен Сезім Ардаққызы, «Сән үлгісі» номинациясымен Әділжан Құдайберген марапатталды

 

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.