Жамбылдық жас құтқарушылар жүлдегерлер қатарында
Әзірбайжан Республикасында жас құтқарушылар клубтары арасында өткен VI Халықаралық балалар-жасөспірімдер жарысы маусымның соңында аяқталды. Жамбыл облысы, Талас ауданының «Жас құтқарушылар» командасы аталмыш жарыста жоғары нәтиже көрсетті.
Байқау бағдарламасы дәстүрлі түрде үш кезең бойынша өткізілді. Бұл байқауда біздің балалар «Өзін-өзі таныстыру» және «Қабырға газеті» кезеңдері бойынша жүлделі орыннан көрініп, тек үшінші «Кедергілер жолағы» кезеңі бойынша 10 секундтық айырмамен алдыңғы командаға жол беріп, есесіне үздік үштіктер қатарынан көрінді.
Жарыстың барлық кезеңінің қортындысы бойынша қазақстандық «Укротители огня» тәрбиеленушілер клубы командасы Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Грузия, Молдова, Пәкістан, Румыния және Түркия елдерінің ішінде жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Біздің жас құтқарушылар ТМД елдері мен шалғай шет елдердің ішінде Қазақстанның атынан қатысқан болатын. Дегенмен балалар жарыс барысында экстремалды жағдайда қалып қойған зардап шегушілерге көмек қолын созып, кедергілері бар жолақты бағындырып, жауынгерлік киіммен өрт сөндіру эстафетасынан өтті. Сондай-ақ құнды жүктерді іздеу бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, барлығы бір кісідей жұмыла қабырға газетін де дайындап үлгерді. Жарыс қорытындысы бойынша айтар болсақ жергілікті ел қожайындары, яғни Әзірбайжан құрама командасы жеңімпаз атанса, Беларусь құрам командасы жүлделі 2 орыннан көрінді. Ал біздің Қазақстан құрама командасы 3 орынды иеленді.