Жамбыл облысында полицияның жедел әрекеті телефон ұрлығы дерегінің алдын алды

39

Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен Тараз қаласында таксиде ұмыт қалған ұялы телефонды қысқа уақыт ішінде тауып, иесіне қайтарды.

Тараз қаласының тұрғыны такси қызметін пайдаланып, жұмысына барғаннан кейін ұялы телефонының көлікте қалып кеткенін байқап, өзге нөмір арқылы хабарласқан. Алайда такси жүргізушісі қоңырауға жауап бермеген.

Осыдан кейін азаматша 102 арнасына хабарласып, көмек сұраған. Полиция қызметкерлері хабарлама түскен бойда жедел әрекет етіп, бейнебақылау камералары арқылы такси көлігінің қозғалыс бағытын анықтады.

Дер кезінде іздестіру шараларының нәтижесінде көлік қысқа уақытта табылып, ұялы телефон көлік ішінен алынды.

Осылайша полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында телефонның жоғалу немесе ұрлану ықтималдығының алды алынды. Кейін жүргізуші көлікте телефон қалып кеткенін байқамағаны белгілі болды.

Тұрғын полиция қызметкерлерінің есімдерін де сұрап үлгермегенін айтып, олардың жеделдігі мен адамгершілігіне ризашылығын білдірді. Ол алғысын бейнежазба арқылы жолдаған.

– Телефонымды жоғалтып алған кезде қатты алаңдадым. Полиция қызметкерлері бар болғаны бір сағат ішінде тауып беріп, жұмыс орныма дейін жеткізді. Осындай адал қызметтері үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді тұрғын.

Жалпы, облыста полиция қабылдаған шаралардың нәтижесінде ұялы телефон ұрлығының тіркелуі 50%-ға төмендеп, ашылу көрсеткіші 69,2%-ды құрады. Жыл басынан бері ұялы телефон ұрлығы бойынша 27 адам ұсталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.