Жамбыл облысында 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған

82

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыс прокуратурасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысына қатысты. Жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және кәсіпкерлер палатасы мен басқарма өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшыларымен бірге бірқатар мәселелер талқыланды.

Ағымдағы жылы прокуратура органдары 162 қадағалау актісін енгізген. Нәтижесінде 9003 кәсіпкердің құқығын қорғалған. Заң бұзушылықтар негізінен салық, жер, әкімшілік заңнама салаларында анықталған.

Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 543 актісі жойылып, бизнес-қоғамдастық өкілдеріне 196 миллион теңге төленген. 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның алтауы – басшылық құрамнан.

Басқосу барысында бұған дейін өткен сараптамалық кеңестің отырыстарында ірі инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Облыс әкімі өңірдегі ірі кәсіпорындар өндіретін шикізатты пайдалана отырып, дайын өнім шығаратын шағын және орта жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық мүмкіндіктерді барынша пайдаланудың айрықша маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарына жан-жақты тоқталды. Жақында инвестициялық жобалардың бірыңғай базасы іске қосылады. Әрбір жобаның орындалуына жеке жауапты болатын қызметкерлер бекітіледі.

Ербол Қарашөкеев инвестициялық штабтың жұмыс тәртібін қайта қарап, жаңғыртуды тапсырды. Штабта жаңа жобаларды талқылаумен қатар, инвестиция тартудағы жүйелі мәселелерді шешу барысы да тұрақты бақылауда болады.

Сонымен қатар, аудан әкімдері үшін жаңа KPI енгізу жоспарлануда, яғни, олардың жұмыс тиімділігі инвестициялар тарту, кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар жасау көрсеткіштері бойынша бағаланатын болады. KPI – аудан әкімдерінің жұмысын бағалауда маңызды жүйе. Рұқсат беру құжаттарын алу рәсімдерін жеңілдету үшін біз өзге өңірлердің үздік тәжірибесін қолдану мәселесі қаралды.

Қаратау қаласындағы арнайы аймақтан бөлек, Меркі, Құлан елді мекендері мен Жаңатас қаласының маңында да энергияны көп қажет ететін өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жаңа алаңдар құрылады.

— Алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр десек, оған барлығымыз бірлесе атсалысамыз деп ойлаймын. Бизнес-қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас орнағанда ғана, экономиканың нақты қарқынды өсіміне қол жеткізе аламыз, — деп қорытындылады облыс әкімі.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшылары өз ойларын ортаға салып, туризмді дамытудағы, жоспарлы инфрақұрылымдық жобалар бойынша мәлеметтер жүйеленетін электрондық ақпараттық ресурс құруға қатысты мәселелерді көтерді.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.