Жабайы жарнамадан да табыс түсіруге болады

542

Бүгінде жабайы жарнамалар мен ажарсыз афишаларға қатысты түйіні тарқамаған түйткілдерді «Айта-айта Алтайды, Жамал апам да қартайғаны» жасырын емес. Әйтеуір, бұл мәселе биік мінберлерде сан мәрте көтерілсе де, «бауын тапса, байлауын, байлауын тапса, амалын» таппай отыр.

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде «Көшелерге ілінген жарнамалардан да салық өндіруге болады…» деп, бей-берекет ілінген жарнамалардан құтылудың бір тетігін меңзеген болатын. Сол сол-ақ екен, жергілікті билік өкілдері «жабайы жарнамаларды жүгендейміз» деп бірауыздан бұл бастаманы құптап кетті. Әрине, төлем талап етілгеннен кейін, тәртіп те орын алатыны белгілі. Десе де, өңір басшысының осы тапсырмасын құзырлы мекемелер қалай орындауда?
Бұл сауалға жауап таппақ мақсатта, ең алдымен Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына бас сұқтық. Алайда, мұндағылар жергілікті әкімдіктен салық төленуге тиісті орындар туралы анықталған ақпарат берілмейінше, ешкімнен ештеңе талап ете алмайтындарын айтты. Ал, Тараз қаласы әкімдігіне хабарласқанымызда, мұндағылар бұл мәселе бойынша жұмыстар енді ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Тараз қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Еділжан Нарматовтың айтуынша, олар қазір жарнама орындарын анықтап, заңсыз ілінген хабарламаларды тазартумен айналысып жатыр екен.
– Қала әкімдігі мен мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, көшелерге рейдтік шаралар жүргізді. Нәтижесінде, жарнама ілуге арналған орындарды анықтап, енді солар арқылы тиісті салықты түсірмекпіз. Бүгінге дейін жарнама берушілердің тек 10 пайызы ғана арнайы орын үшін міндетті төлемақысын төлеп келген. Енді бәрі де қатаң қадағаланатын болады. Берілген жарнаманың тек ақысы ғана емес, жазылуындағы заңнама талаптары да назарға алынады.
Шаһарда заңсыз ілінген жарнамалар өте көп. Қазір оларды алып тастап, толық тазалаудамыз. Мұндай тазалық жұмыстарымен «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі айналысуда, – деді бөлім басшысының орынбасары.
Еділжан Ахтанбердіұлының айтуынша, жабайы жарнама ілушілер осы таңға дейін заңды белден басып келген екен. Күнделікті көз алдымызда орын алып жатқан заңсыздыққа құзырлы мекемелер де мән бермеген көрінеді. Соның салдарынан енді қала көшелерін жабайы жарнамадан арылту «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысшыларына жүк болып отыр. Олар жалбыраған жапсырмаларды күніне екі рет жинап шығатындарын айтады. Егер «скотчпен» бекітілсе, оның жарасы жеңіл. Себебі, жұлып тастау оңай. Ал, желімделсе, орнында қалатын дақты тазалау қиынның-қиыны. Оны жуып, қырмаса, оңайлықпен кете қоймайды.
Мұндай жағдай Тараз шаһарымен қатар, Қаратау, Жаңатас қалаларында да орын алуда. Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серимовтың сөзіне сүйенсек, моноқалалықтар жабайы жарнамамен жұмыла күресіп жатыр екен.
– Қазір жарнама ілуге арналған орындарды дайындап жатырмыз. Одан кейін халықпен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жарнамадан салық түсіру жолдарын нақтылаймыз. Бұрнағы кезде, аялдама, кафе, дүкендердің сыртына жарнамасын жапсырып кететін тұрғындар тәртіпке келіп қалды. Қазір халықтың өзі бұл бастамаға қол ұшын беріп, түсіністікпен қарауда, – дейді қала әкімі.
Ал, Жаңатас қаласы әкімдігіндегі мамандар шаһарда хабарландыруларға арналған орындар барын, бірақ, ол жерге жарнама жапсырғандардан ешқандай салық талап етілмей жатқанын айтты.
Жалпы, Асқар Исабекұлы әр жиында нәтижелі жұмысқа қарай жүруді ескертіп келеді. Яғни, қалалар мен аудан басшылары бюджетке қосымша кіріс кіргізу жолдарына жіті көңіл бөлуі қажет. Алайда, бұл сөзді кейбір әкімдер ескерсе, кейбірі құлаққа ілер емес. Мұндай басшылардың басынан облыс әкімі сыйпамайтыны анық. Сондықтан, ортақ міндетке жұмыла атсалысқанымыз абзал.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.