Шәкірттердің шығармашылық көрмесі көпшілікті тәнті етті

38

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы саябақта кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға Техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері қатысып, өздерінің шығармашылық және техникалық бағыттағы жетістіктерін көпшілікке таныстырды.

Іс-шара барысында орталық тәрбиеленушілерінің қатысуымен фельтинг техникасы, тоқу өнері, гипстен тұмар жасау және басқа да қолөнер бағыттары бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Қала тұрғындары мен қонақтары балалардың шығармашылық жұмыстарына қызығушылық танытып, олардың ерекше қабілеттеріне жоғары баға берді.

Сонымен қатар, Робототехника, Әуеүлгілеу және Кемеүлгілеу үйірмелерінің көрмелері ұйымдастырылып, жас өнертапқыштар өз жобаларын таныстырды. Техникалық бағыттағы үйірмелердің жұмыстары балалардың ғылым мен технологияға деген қызығушылықтарының жоғары екенін көрсетті.

Мерекелік шара аясында Фотостудия үйірмесінің тәрбиеленушілеріне арнайы куәліктер табысталды. Үйірме білім алушылары оқу барысында фотоөнердің теориялық және практикалық негіздерін меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, тәжірибелі маман деңгейіне жеткендерін дәлелдеді. Бұл – олардың табанды еңбегі мен ұстаздарының кәсіби бағыт-бағдарының нәтижесі.

Аталған іс-шара балалардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, техникалық білімге қызығушылығын дамытуға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталды. Мерекелік күн көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қатысушылар үшін есте қаларлық жарқын сәттерге толы болды.

Айнура ТЛЕМИСОВА,
Техникалық шығармашылық орталығы
әдістемелік бөлімінің меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.