Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың шамшырағы

16

 

Сарысу ауданының төрінде өткен «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» атты ата-аналар форумы – жай ғана жиын емес, қоғамның келешегіне бағытталған үлкен ойдың, ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды. Бұл басқосу – баланың тағдырына бейжай қарамайтын ата-ана, ұстаз және тұтас қоғамның үнқатысу алаңы болды. Қазақстанда әділетті қоғам қалыптастыру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Осы жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал әрі жауапты азамат тәрбиелеуге ерекше назар аударып келеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты енді тек құқықтық ұстаным ғана емес, ол – тәрбиенің өзегіне айналып отыр. Ал бұл бағыттағы алғашқы қадам білім ордаларынан басталатыны анық.

Форум барысында кеңінен қозғалған «Адал азамат» тұжырымдамасы – бүгінгі білім беру жүйесінің жаңа бағдары. Бұл тек оқушыға білім беру емес, оны өмірге бейімдеу, цифрлық кеңістікте өзін қорғай алатын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыруды көздейді. Себебі саналы ұрпақ – қауіпсіз қоғамның кепілі.

Жиынға аудан әкімі, прокурор, құқық қорғау органдарының өкілдері, төтенше жағдайлар қызметі, ардагерлер кеңесі, білім саласының басшылары мен ата-аналар қатысып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Әрбір пікір – қоғамдағы алаңдаушылықтың, әр ұсыныс – болашаққа жасалған қадамның белгісі еді.

Форум аясында жүзеге асырылып жатқан тың бастамалар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Соның бірі – Балтабай Адамбаев атындағы тірек мектебінде құрылған «Жас StarGov» клубы. Бұл жоба – мемлекеттік қызметке қызығушылығы бар жастарды ерте бастан тәрбиелеуге бағытталған. Көшбасшылық пен жауапкершілікті ту еткен жас буын – ертеңгі ел тірегі.

Сондай-ақ, Д.Қонаев атындағы мектепте «Жас прокурор», Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде «Жас сақшы», ал Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында «Жас құтқарушы» сыныптарының ашылуы – құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілікті арттыру жолындағы нақты қадамдар. Бұл бастамалар – оқушыларды тек мамандыққа баулу емес, оларды өмірлік маңызды дағдыларға үйретудің тиімді тетігі.

Форумда көтерілген мәселелердің ішінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік секілді өзекті тақырыптар да назардан тыс қалмады. Бұл – тек статистика емес, қоғамның жанайқайы. Сондықтан мұндай келеңсіздіктердің алдын алу – тек мектептің емес, ең алдымен отбасының міндеті екені ерекше айтылды.

Баланың алғашқы ұстазы – ата-ана. Оның бойына сіңген әрбір құндылық, алған тәрбиесі – болашақтағы мінезі мен таңдауының негізі. Сондықтан тәрбие – тек сөзбен емес, үлгімен берілетін ұлы миссия.

Форумның қорытынды бөлімі концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға рухани серпіліс сыйлады. Бұл – тәрбие мен мәдениеттің, білім мен өнердің үндескен сәті болды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.