Экс-министр Мұхамедиұлы 11 жылға, әйелі жарты жылға сотталды

55

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылғы 13 ақпанда  бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, оның әйелі Ғалия Ысқақоваға және адвокат Мустахим Төлеевке қатысты үкім шығарды.

Тергеу барысында Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп (ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі), Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасады деп (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) және Төлеев – аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, Мұхамедиұлы 2022 жылғы желтоқсанда Астананың тергеу изоляторында болған кезінде қамаудан босатылып, «Дипломат» қонақ үйін меншігінде ұстап қалғысы келіп, адвокат Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге ниет білдірген, ал өзінің жұбайы Ысқақованы парақорлыққа делдал ретінде тарту туралы шешім қабылдаған.

2022 жылғы желтоқсанда Ысқақова кафеде «Дипломат» қонақ үйінің мәселесін шешу үшін Төлеевке 140 мың АҚШ долларын жеке өзі табыстағаны белгілі болды.

«2023 жылғы қаңтарда жұбайы Төлеевке көлігінде делдал рөлін атқара отырып, Мұхамедиұлына қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту үшін 120 мың АҚШ долларын өзі тапсырды. 2023 жылғы сәуірде Ысқақова жүргізушісі арқылы Төлеевке жазасын жеңілдету үшін тағы да 100 мың АҚШ долларын берді. 2023 жылғы маусымда ол тағы да делдал рөлін атқара отырып, өзінің ұлы арқылы Төлеевке 27 млн теңге және 40 мың АҚШ доллары сомасында ақша берді», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Ал Төлеев ақшаны өз қалауы бойынша басқарған.

Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, өздерін ақтауды сұрады. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.  Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ол 10 жыл адвокаттық қызметпен айналыса алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

 

kaz.orda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.