Күн мен Түн теңеліп, Жер-ана бусанып, тіршілік қайта түлейтін, соған сай адамдардың да көңілі шадыман шаттыққа бөленетін тамаша мереке – Ұлыстың Ұлы күні! Адамдардың аузы аққа, малдың аузы көкке тиіп, барша адамзат баласына қуаныш нұрын себетін бұл күні көпшілік ортақ тайқазаннан дәм татып, «елімізде молшылық, тоқшылық болсын» деген тілегін жеткізеді.
Жыл басы Наурыз мерекесі Сарысу ауданының орталығында сән-салтанатымен атап өтілді. Жалпы Сарысу ауданының халқы қазақтың басты мерекесі — Наурызды биыл 14-інен бастап 23-сіне дейін атап өтеді. Мереке аясында мәдени-көпшілік шаралар, спорттық сайыстар, соның ішінде ұлттық ойындардан жарыстар көптеп ұйымдастырылды.
Аудан басшысы Марат Сұлтанғалиев бастаған орынбасарлары мен мекеме, басшылары тал дарақ егіп, орталық алаңға жиналған көппен бірге қуаныш бөлісті. Ақ кимешек киініп, ақ тілегін ағытып, наурызкөже, ірімшік, жент, құрт, майын тосқан әжелеріміз Наурыз нақыштарын анық аңғартты. Бұл күні ұлттық ойындар мен салт-дәстүрге ерекше көңіл бөлінді. Осылайша Жаңатастық ағайын біразға дейін айтып жүрер қуанышқа куә боп тарасты. Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз мерекесі барлық ауылдық аймақтарға жалғасты.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі